Төлеби ауданының тумасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, еңбек ардагері, Төлеби ауданының «Құрметті азаматы » Құдайберген Оңғаровқа 2018 жылдың 10 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының кезектен тыс сесиясында облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру шешімі қабылданған болатын.
«Қызыл жұлдыз» совхозында есепші, бас бухгалтер, «Первомай» МТС бас бухгалтері, «Чапаев» колхозының парторгі, Төлеби ауданы «Большевик» колхозының төрағасы, 30 жыл қатарынан Төлеби аудандық атқару комитетінің депутаты, партия комитетінің мүшесі болған қазыналы қария Құдайберген Оңғаров бұл марапатқа лайық тұлға.
Бүгінде 9 ұл -қыз тəрбиелеп, 37 немере, 98 шөбере сүйіп отырған абыз ақсақалға Төлеби ауданының əкімі Бұхарбай Парманов пен облыстық мəслихаттың депутаты Дулат Əбіш құрмет көрсетті. Қарияның қуанышына қосылып, иығына шапан жапты. Өз кезегінде Құдайберген ақсақал құрметтеп келген азаматтарға алғысын жеткізді.