ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдердің есепті кездесу өткізу тәртібін өзгертті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің,ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы қаулы етемін», — делінген бейсенбідегі хабарда.
Атап айтсақ, 1 және 5 тармақ жаңа редакцияда жарияланған.
«Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерін қоспағанда) басшылары жыл сайын екінші тоқсан ішінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi органның келісумен, республикалық телеарнада тікелей қосылым және өңірлермен бейнеконференцбайланысын ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер туралы хабардар етсін», — делінген 1-тармақтың жаңа редакциясы.
5-тармақ орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты және 2 тармақшадан тұрады.
«Есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын орталық және өңірлік бұқаралық ақпарат баспа құралдарында, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкіметтің» веб-порталында, оның ішінде ашық деректердің интернет-порталында есеп беру кездесулерін өткізу кестелерін және алдағы есеп беруге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жолдау тәсілдері туралы ақпаратты жарияласын», — делінген 5-тармақтың 1-тармақшасында.
«Есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын ашық деректердің интернет-порталына және орталық, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының блог платформасына, сондай-ақ өтініштердің басқа да нысандарында келіп түскен ұсыныстар мен сұрақтарды жинауды, талдауды және іріктеуді қамтамасыз етсін», — делінген 2-тармақшада.
Сонымен қатар, жарлықта қосымша 5-1 тармағы қосылды.
«Орталық атқарушы органдардың басшылары есепті кездесу аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізілген есепті кездесулердің қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде сөз сөйлесін», — делінген құжаттың жаңа мәтінінде.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Дереккөз: ҚазТАГ