2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап идеологиясы өзгерген, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге көзделген жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау.
Салық кодексіндегі негізгі енгізілген өзгерістерге ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының м.а. А.Райымқұловтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі өзгеріп, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 9,5 пайыз, ал, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – қайтадан 11 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеледі (485 бап). Ал, дара кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар, өзi үшiн –айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінде және әрбiр жұмыскер үшiн айлық есептiк көрсеткiштің 1 еселенген мөлшерiнде есептейді және де, бұл ереже есептік салық кезеңінде кіріс алмаған адамдарға қолданылмайтын болады.
Сонымен қатар, патент негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын, қимыл-тірек аппараты бұзылған, есту, сөйлеу, көру қабiлетiнен айрылған мүгедектер жұмыс iстейтiн мамандандырылған ұйымдар әлеуметтік салықты төлеушілер болып табылмайды (482 бап).