2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап идеологиясы өзгерген, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге көзделген жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау.
Салық кодексіндегі негізгі енгізілген өзгерістерге ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының м.а. А.Райымқұловтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
Арнаулы салық режимдері қосымша тағы бір түрімен толықтырылды: ол, шағын субъектілері үшін тіркелген шегерім пайдаланатын арнаулы салық режимі (690 баптар). Бұл режимді жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 50 адамнан аспайтын және салықтық кезеңдегі кірісі ең төменгі жалақының 12 260 еселенген мөлшерінен аспайтын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолданып, жеке немесе корпоративтік табыс салықтары салынатын кірісті айқындаған кезде шегерімге жатқызылатын шығыстар сомасына Салық кодексімен көзделген түзетулерді есепке ала отырып айқындалған кіріс сомасынан 30 пайызға тең белгіленген шегерім сомасын қосуға құқылы және де, шегерімге жатқызылған шығыстардың жалпы сомасы көзделген түзетулерді есепке ала отырып жиынтық жылдық табыстан 70 пайызынан аспауы тиіс.
Сонымен қатар, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолдану шарты да өзгерді, яғни, дара кәсіпкер мен заңды тұлғаға бөлінбей, жалпы талап қойылды: қызметкерлердiң орташа саны 30 адамнан және кірісі ең төменгі жалақының 2 044 еселенген мөлшерінен аспауы керек (683 бап).
Патент құнын есептеу шартына өзгерістер енгізілді (686 бап), яғни, патент құнынан әлеуметтік салық алып тасталынды, тек жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің төлеуге жататын сомалары кіреді. Және де, патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану жолымен жүргізіледі (бұрын 2 пайыз болған).
Ал, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолдануға құқылы салық төлеушілер — корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығының (төлем көзінен ұсталатын салықтардан басқа) сомасын; әлеуметтік салық сомасын; мүлікке салық, көлік құралдарына салық сомасын 70 пайызға төмендетуге құқылы (700 бап), яғни, қосылған құн салығы бойынша соманы 70 пайызға төмендету шарты алынып тасталды.
Бұл ретте, оның орнына, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қосылған құн салығының қосымша сомасын есепке жатқызуға құқығы көзделген (411 бап). Яғни, өткізу жөніндегі салық салынатын айналымнан есептелген ҚҚС сомасынан есепке жатқызуға рұқсат берілген ҚҚС сомасынан басқа, қосымша өспелі қорытындысымен есептік салық кезеңінің басында қалыптасқан, есептелген салық сомасынан есепке жатқызылған ҚҚС сомасынан асатын сомасы да шегеріліп есептеледі.