ОҚО ІІД кинологиялық орталығында түрлі деңгейдегі қылмыстарды әшкерелейтін жалпы 36 ит бар. 2017 жылы осы иісшіл иттердің қатысуымен 800-ден аса қылмыс ашылған. Мұнда есірткі дәйектерін анықтау бойынша 11 ит үйретілген.
Бүгінде ОҚО ішкі істер департаменті кинология қызмет орталығы, қылмыстардың алдын алуда, есірткі заттарын анықтауда, бұзақыларды ұстау, қоғамдық тәртіпті сақтауда құрал ретінде пайдаланытын иттердің құрлымы болып табылады. Мұның ішінде иісшіл иттердің бірнеше тұқымы бапталып арнайы дайындықтан өтеді. Атап айтқанда, бұл бөлімде неміс овчаркасы, лабрадор секілді асыл тұқымды иттер бар. Адамның досы, әрі сенімді серігі саналатын бұл қызмет иттерін дұрыс қолдана алу 70% кинологқа, ал 30%-ғана итке қатысты екен. Сонымен қатар ОҚО ІІД кинология қызметінің бастығы полиция подполковнигі Дәурен Ахметовтың айтуынша жеті қазынаға балаған бұл үй жануарын күшік кезінен жақсылап баптасаң, сенімді серігіңе айналады дейді.
Бүгінде жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын табу, одрологиялақ экспериментте иттер кеңінен қолданылады. Мәселен, жуырда орыстың спаниель тұқымындағы «Эмид» атты ит ОҚО ІІД ЕБҚКБ қызметкерлерімен «Шымкент-Ташкент» тасжолындағы жеңіл көлікті тінту барысында 7.5 кг героинды тәркілеуге септігін тигізген. Сонымен қатар, күні кеше «Ақсу» елдімекеніндегі жеке үйдің бірін тінту барысында, иісшіл иттің көмегімен орта көлемдегі марихуана заты әшкереленді.
Кинология қызметіндегі иттерді күтіп-баптауда үлкен жауапкершілік пен тиянақтылық талап етіледі. Мұнымен қоса басты мәселе иттердің денсаулығын қадағалау. Аталмыш мекемеде қызмет ететін ветеринар Талғат Рысқұлов, төрт аяқты жануарды күнделікті тексеру мен ай сайынғы тазалық жұмыстарын жүргізіп тұру басты назарда екендігін атап өтті.
2018 жыл Шығыс күнтүзбесі бойынша ит жылы. Бүгінде тек үй мен мүлікті қорғауда ғана емес, қылмыс әлемін әшкерлеген әлемге танымал төрт аяқтылардың түрлері көп. Сондықтан да итті адамның сенімді серігі ретінде қарап, жеті қазынаға балаған.