Елбасы 2017 жылы 30 қарашада Қазақстан Республикасының «2018 — 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Аталған заңда жалақының, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және зейнетақының ең төмен мөлшерлерi бекітілді. Сонымен қатар, басқа да төлемдердiң және ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасының көлемдері де бекітілген. Атап айтқанда:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) жалақының ең төмен мөлшерi – 28 284 теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 15 274 теңге;
3) зейнетақының ең төмен мөлшерi – 33 745 теңге;
4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 405 теңге;
5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 28 284 теңге болып белгiленген.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін сегіз пайызға көтеру ескеріле отырып көзделген.
Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасыларға олар оқуын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды ай сайын 4,16 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бектіліп отыр.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында болмақ.
Дайындаған: Айдар ДИДАР