ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Оңтүстікте халықпен кездесіп жүр. Мақсаттары заңға енгізілген өзгерістер туралы айтып, рухани жаңғырудың аясындағы жұмыстармен танысу және сайлаушылардың мұң-мұқтажын біліп, Үкіметке жеткізу. Аптаның алғашқы күнінде Елордадан келген халық қалаулылары Қазығұрт ауданына барып, кәсіпкерлерге мемлекеттен қажет қолдауға құлақ асты.
Мәселен құрылысқа қажетті газобетон блогін өндіріп жатқан мына компанияда 12 адам жұмыспен қамтылған. Бұл бетон қазіргі таңда ең тиімді болып тұр. Сондықтан сұраныс та жоғары екен. Депутаттар дәл осы мекеменің жұмысымен танысып, өңірлерді аралаудағы мақсаттары туралы тарқатты.
Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы мақал бар. Міне осы мақалды ескерген мәжілісмендер Қазығұрт ауданында жүріп тал екті. Орталықта орналасқан мына саябақ жастар мен шаңырақ құрған жас жұбайлардың жиі баратын орны. Сондықтан ел ағаларының еккен мына ағаштары сол ұрпаққа сөзсіз берілген тәрбие, үлгі.
Жұмысшы топ мұнан кейін Шарбұлақ елді мекеніне барды. Онда «Сапа-2002» шаруа қожалығында болып, мемлекеттен берілетін субсидияның қажеттілігі туралы мәлімет алды. Асыл тұқымды қойларды өсіріп жатқан мекеме әу баста мемлекеттің қолдауымен бас көтеріп, қазір шаруаны өздері дөңгелетіп отыр. Депутаттар осындай жетістіктермен танысып, сосын елді мекендердің жағдайын білу мақсатында әр бағытқа тарқасты.