Қызылорда облысында Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахинға сілтеме жасап.
Ресми мәліметтерге қарағанда, облыстық департамент басшысына қатысты тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті бастады.
«Ол 600 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Күдіктінің 2017 жылдың қараша -желтоқсан айлары арасында қоластындағылардан жүйелі түрде оларға әскери атақ алып беру үшін және тәртіптік жауапкершіліктен босату үшін 20 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі көлемде пара алып келгені анықталды», — деп хабарлады ведомствоның ресми өкілі.
2018 жылдың 4 қаңтарында департамент басшысының Қызылорданың ІІБ уақытша изоляторына қамалғаны айтылады. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.