1 қаңтардан бастап облыста коммуналды тарифтер бағасы өсіп жатыр. Мәселен негізінен өзге облыстардан тасымалданатын электр энергиясы орташа есеппен 8,5 пайызға қымбаттаған. Яғни бұған дейін тұрғындар жарықтың әр киловатына қосымша құн салығымен қоса есептегенде 14 тенге 84 тиын төлеп келсе, жаңа тариф бойынша енді әр киловатқа 15 тенге 73 тиыннан төлейді. Ал заңды тұлғаларға есептеліп келген баға 24 тенге 87 тиыннан 27 тенге 66 тиынға өсіп отыр. Мұнан өзге табиғи газ, ауыз су жылу тарифтеріне қатысты мәліметтер барысын Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Шырынәлі Үсенов мәлімдеді.
ОҚО –сы өзіне қажетті электр энергиясының өткен жылы небәрі 11 %-ын өндірген. Ал электр қуатының қалған 89 %-ы аймаққа өзге облыстардан жеткізіледі. Айталық Екібастұз, Қарағанды, Жамбыл электр станцияларынан тасымалданатын энергия көзін Шымкент қаласының тұрғындарына жеткізіп беруші монополист мекеменің бірі «Энергопоток» ЖШС-гі. Қала халқының 95 %-дан астамына жарық жеткізуші мекеме мамандары тарифтің өсуіне электр қуатын сатып алу және тасымалдау құнының артуы себеп болып отырғандығын айтады.
Электр жарығынан өзге табиғи газ тарифіне келсек. Бұл тұрғыда бәсекелестікті қорғау департаменті көгілдір отын бағасының 1 қаңтардан бастап облыстағы кейбір газ таратушы жүйелер бойынша тасымал құны қосылатын заңды тұлғаларға ғана 1 %-ға көтерілгендігін айтады. Ал бастысы халықтың тұтыну тарифі сол күйінде қалып отыр екен. Яғни жеке тұрғындар үшін көгілдір отынның 1 текше метрі қосымша құн салығын қоса есептегенде 34 тенге 48 тиынды құраса, заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге арналған тарифтік жоспар ҚҚС-мен бірге 1 текше метрге сол 36 тенге 10 тиын көлемінде қалып отыр.
Алайда кейбір кәсіпорындар үшін 1 %-ға көтерілген газды тұтынушылар арасында қалаға жылу таратушы мекемелер бар екендігін ескерсек бұл тұрғыда жылу бағасының өсуіне сала мамандары жол берілмейтіндігін айтады. Ол үшін бәсекелестікті қорғау департаменті жылу таратушы мекемелермен тарифті қымбаттатпау жөнінен келісімге келген. Айталық Шымкент қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Қуат жылу орталық-3» мекемесі қаладағы 1800-ден астам көпқабатты үйлер мен 300-ге тарта мемлекеттік ұйымдарға жылу энергиясын тасымалдау, сату, және жылыту құбырларын жөндеу қызметін көрсетеді. Аталмыш кәсіпорын биылғы қыс маусымында жылу ақысын қымбаттатпай өз қызметін бұрынғы тариф бойынша ұсынып отыр екен. Сонымен өңірде жылу ақысы бұрынғысынша 1 шаршы метрге 142 тенге 30 тиын шамасында.
Ал өңірде ауыз су тарифі де өткен жылғы баға бойынша қалып отыр. Мәселен 1 миллионға тарта тұрғыны бар Шымкент қаласы халқының 95 %-дан астамын ауыз сумен қамтамасыз етіп келе жатқан «Су ресурстары маркетинг» ЖШС — гі су ақысы бойынша 2017 жылдың 1- шілдесінде бекітілген тариф бойынша жұмыс жасауда. Сонымен тұтынушылар топтары бойынша тарифтер төмендегідей:
1 топ (тұрғында және жылумен жабдықтау кәсіпорындары) – сумен жабдықтауға бір текше метрге ҚҚС-мен қоса есептегенде; 87,47 теңге;
2 топ (Мемлекеттік ұйымдар) 1 текшеметрге ҚҚС-мен 386,62 теңге;
3 топ (заңды тұлғалар) бір текше метрге ҚҚС-мен 299,32 теңге төлейді.
Сонымен 2018 жылдың қаңтар айынан бастап облыста тарифі көтерілген тек электр энергиясы ғана болып тұр. Ал қалған коммуналдық төлем түрлері әзірге бұрынғысынша қалып отыр.
Абай Омар