Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің еңбек сіңірген қызметкері, академик, медицина ғылымының докторы, профессор Дербісәлі Сексенбаев Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында тағы бір марапат төрінен көрінді. Талай шәкіртті тәрбиелеп, салада серпін жасаған алтын қолды хирург «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды.
Аталмыш қоғамдық мойындау орденін Қазақстан Республикасына қосқан көпжылдық еңбегі үшін Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалар мен атақтар комитеті беріп отыр. Саналы ғұмырын еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арнаған ізгілікті жан әлі күнге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Өмір бойы өзі қызмет атқарған облыстың клиникалық ауруханасында науқастарға консультациялық көмек көрсетеді. «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Дербісәлі Сексенбайұлы Оңтүстік медицинасының ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның саладағы жұмысын оңтайландырды. Шетелдің озық тәжірибелерін енгізуде аянбай еңбек етіп, тұлғалық парасат пайымын қалыптастырды. Кеңестік кезеңнің идеологиясынан сабақ алған Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуге әлі де үлесін қосып келеді. Ал, «Қазақстанның құрметті азаматы» — Дербісәлі Сексенбайұлының айтулы еңбегі айшықтай түсті.