Оңтүстік Қазақстан облысында өңірдегі сала үздіктері анықтау басталды.
Жылдың үздік номинацияларын тапсыру салтанаты облыстық орыс драма театрында өтуде.
Шара шымылдығы «Жүрегім менің елменен» атты хореографиялық қойылыммен түрілді.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтың биылғы жетістіктеріне тоқталып, бағы жанып топтан оза шапқандарды құттықтады. «Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы жылдан жылға өркендеп келеді. Бұл Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының және барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Елбасымыз өзінің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейте білдіңіздер. Осы ізгі қасиеттеріңіздің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңыздар. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Собкор», «РАБАТ редакциясы» және «Dата» ЖШС-ның директоры Валентина Куликова, «Құрмет» орденімен «Иассы» консорциумының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев, «Облыстың Құрметті азаматы» атағымен Досым Сүлеев, Асылы Осман, Серікжан Сейітжанов, Өмірзақ Мелдеханов, Орынбай Дайырбековтер марапатталады деп күтілуде.