Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың отандық БАҚ өкілдерімен сұхбатында жасаған мәлімдемелері «Егемен Қазақстан» және «Айғақ» газеттерінде жарияланған болатын. Соның бірін сіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Қандастарын еліне шақырып жатқан дүниеде үш-ақ мемлекет бар. Соның біреуі – Қазақстан. Бастапқы кездерде біз әдейі сол елдерге барып, жағдайларын сұрадық, Құрылтай өткіздік. Ұлы көшті бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз елге оралды. Олардан өсіп жатқан ұрпақтар одан да көп. Көш тоқтаған жоқ. Ешқашан да тоқтатпаймыз. Ешкімге қарсылығымыз жоқ, келем дегендерге есік ашық. Әсіресе жастар оқуға түсіп, барлығы елде қалып жатыр. Үлкендері де келіп қосылуда. Оны біз біліп отырмыз. Ол үшін қуаныштымыз. Шетелде әлі де 4 млн-нан аса қандасымыз бар», деген Президент оларды қолдауға әрбір қазақстандық мүдделі екенін жеткізді.
«Біздің қазақстандықтар, қалталы азаматтар қандастарымызды қаылдауға ынталы болуы керек. Оларға көмектесу үшін арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беріп, жұмысқа орналасуға, баспана салуға көмектесу керек. Соған бәріміз мүдделі болғанымыз жөн. Бұл бізге қажет», деді Елбасы.