Таразда әріптестерін пышақтаған полицей Мұрат Үмбетәлиев 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Үмбетәлиевке екі адамды өлтірмек болды деген айып тағылды. Сот үкімімен оған 15 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза белгіленді, мүлкі тәркіленеді» — делінген хабарламада.
Үмбетәлиев ҚР Қылмыстық кодексінің 49-бабы бойынша «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды.
Естеріңізде болса, осы жылдың тамызында бірге ішімдік ішкен полицияның экс-қызметкері Марсель Жетпісбаев, Жамбыл облысы ІІД басқарма басшылары Мұрат Үмбетәлиев пен Ерлан Бектұрғановтың арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Үмбетәлиев екі бөтелкелесіне пышақ жарақатын салып, қашып кеткен. Кейінірек оны полицейлер ұстады. Сонымен қатар Үмбетәлиевтің үстінен тараздықтар шағым жасаған.