Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамның» 95-қадамында «Мемлекеттік органдар басшыларының халық алдында стратегиялық жоспарлар және аумақтық даму бағдарламаларының маңызды көрсеткіштеріне қол жеткізілетіндігі туралы жыл сайынғы ашық баяндамалар жасауларын және олардың есептерін ресми веб-сайттарда орналастыруды тәжірибеге енгізу» айтылған.
Аталмыш қадамның жүзеге асуына «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң негіз болды. Заңның мақсаты – азаматтардың ақпаратты еркін алуы және мемлекеттік органдардың заңмен тыйым салынбаған ақпаратты таратуы.
Осыған байланысты Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов «Айғақ» телеарнасы мен газетіне сұхбат берді. Сұхбаттың қорытындысын көрермендер мен оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.
Облыс, аудан және қала әкімдері мен әкімдіктерінің негізгі мақсаттары халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Сіз басшылық жасап отырған әкімдік Созақ ауданының тұрғындарына қанша түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетті? Биыл білім, әлеуметтік салалардағы қызмет көрсету барысында қол жеткізген нәтижелерді айтып кетсеңіз. Сонымен қатар, ауылды жерлердегі халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға қандай шаралар көрілуде?
Созақ ауданында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 98 мемлекеттік қызмет түрі бар. Оның ішінде ауылдық округтер мен кенттер әкімі аппараты, аудан әкімдігінің 8 дербес бөлімі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда 11 айдың қортындысы бойынша 98 мемлекеттік қызмет түрінен 126 776 қызмет түрі көрсетілді. Оның ішінде 110 219 қызмет мемлекеттік орган арқылы қағаз жүзінде, 7287 қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы және 9270 қызмет тікелей мемлекеттік орган арқылы электронды түрде ұсынылды. Білім, әлеуметтік сала бойынша жылда көрсетілетін қызметтен бөлек 2 бірдей балабақша ашып отырмыз. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, инва такси қызметіне 2017 жылы жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, «Асар» Оңтүстік Қазақстан мүгедектер қоғамы, Созақ аудандық филиалы мен келісім шарт түзіп, аудандағы мүгедектерге қызмет көрсетуде.
Ауылды жерлердегі халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға байланысты, «Ұлт жоспары — бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес «Ашық үкіметті» қалыптастыру негізінде мемлекет бізге үйден шықпай-ақ, мемлекеттік қызмет түрлерін алуға жағдай жасап отыр. Мұның барлығы «Электрондық үкімет» бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан дүниелер. Электронды цифрлы қолтаңбаны ауыл тұрғындарына веб-портал арқылы көрсетілетін қызметтерді ауылдық округтері мен кенттері әкімі аппаратында алуы үшін «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын» ұйымдастырып, барлық қызметкерлерге бір қарапайым анықтама алуды жүктеу арқылы электронды көрсетілетін қызметтерді алу жұмыстары ұсынылды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында облыс, аудан және қала әкімдеріне бірқатар міндеттер мен талаптар қойылған. Осыған сәйкес, Созақ ауданының жұмыс жоспарына қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?
Ең алдымен, мақаланың мазмұнын, мақсатын халыққа түсіндіруге, кеңінен насихаттауға жұмыстар жасалды. Ауданда арнайы комиссия құрылып, жұмысшы топты бекітіп, нақты жоспарға сәйкес, 6 бағытқа құрылған жобаларды іске асыруды жолға қойдық. Оның ішінде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасына сәйкес, барлық мектептерде арнайы бұрыштар, көрмелер ұйымдастырылды және жекелеген жобалар бойынша жұмыстар жүргізілді. «Рухани қазына» кіші бағдарламасына сәйкес көпқабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, елді-мекендерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыруға көңіл бөлінді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерімізді өзі туған жеріне игі іс жасауға үгіттеу арқылы және басқа да демеушілерді тарту жолымен әлеуметтік нысандар салынуына, түрлі қайырымдылық шараларын өткізуге мұрындық болып келеміз. Жуырда ғана «Тәуелсіздік» мерекесі күні қарсаңында пайдалануға берілген 2 балабақша мен 3 спорттық алаңша сондай жұмыстарымыздың бірі.
Созақ ауданы — қазақ тарихында ерекше орны бар өлке. Сондықтан да, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген талаптарды орындаудағы жобаларымызды әлі де арттыра беретін боламыз.
«Қазақстанның 100 қасиетті орнына» енген Теріскейдің киелі жерлері туралы мәлімет беріп кетсеңіз. Сондай-ақ, Созақ ауданы Абай селосында табылған тарихы ХІІ ғасырға тиесілі балбал тастар туралы ақпаттар БАҚ беттерінде жарияланды. Осы ескерткіштердің тағдыры не болды?
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Қазақстанның киелі орындарының географиясына» Созақ ауданынан 5 тарихи нысан кіріп отыр. Олар: Созақ ауылы округіндегі — Ежелгі Созақ қалашығы, Қарабура кесенесі, Хақназар хан кесенесі, Таңбалы тас ескерткіші Тайқоңыр елді мекеніндегі Құмкент ауылындағы – Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорған ауыл округіне қарасты Абай елдімекені аумағынан осы елдімекен тұрғындары «Балбал» тастар тауып алғандықтары жөнінде аудан әкімдігіне хабар берген болатын. Ол балбал тастарды өзім де барып арнайы көріп қайтқанмын. Бүгінгі таңда табылған балбал тастарға Алматы қаласынан арнайы «Археологиялық» институтының мамандары келіп ғылыми сараптамалық жұмыстарын жүргізді. Қорытындысын алдағы уақытта айтады.
Қазіргі таңда балбал тастар аудандық С.Қожанов атындағы музейінде сақтаулы.
Оңтүстікте көлдер аса көп емес. Дегенмен, шипасымен белгілі болған Қызылкөлдің қасиеті туралы не дейсіз? Осыған қатысты қандай жаңа деректер бар?
Сурет BNews.kz сайтынан алынды
Қызылкөл көлі 90-шы жылдардың ортасынан бастап тартыла бастады. Жалпы көлемі 123 млн текше метр көлдің 25-30 пайыздайы ғана қалған болатын. Қызылкөл көлі 2015 жылдан бастап, қайта қалпына келе бастады. Қазіргі таңда 80-90 пайызы толды деп шамалап отырмыз. Ерекше қорғау аймағында енген. Сондықтан, оның басында кәсіпкерлік мақсатқа пайдалану мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда аудан жер қорына алуға байланысты Үкіметке хат жазылды. Егер алған жағдайда, инвестиция тартып, көл жағасынан емдік орындар, жағажайлар ашуды жоспарлап отырмыз. Қызылкөлдің пайдасы ерекше. Ол бұрыннан дәлелденген. Сонау Кеңес заманында алыс-жақын шет елдерден келіп емделетін. Жақында судың пайдалы қасиеттерін арнайы лабороторияға тексерттік. Олар көл суының 30-дан астам аса пайдалы элементтердің бар екенін айтады. Тері ауруларына, суыққа, асма, йод жетіспеушілігі сынды ауруларға ем.
Елбасы 2017 жылдың сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевты қабылдаған кезде шағын және орта бизнестің одан әрі дамытуда инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Елбасы тапсырмасы Сіздің ауданыңызда қалай іске асырылып жатыр?
Аудан көлемінде 11 ай қорытындысымен 363 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 252-ге жетіп, 2016 жылдың 11 айымен салыстырғанда 103,9%-ға артты.
Кәсіпкерлік саласында 2017 жылдың 11 ай қорытындысымен 11 млрд. 850,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен 2016 жылдың 11 айы мен салыстырғанда 103,9% өсті.
«Ырыс» МҚҰ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ОҚО бойынша филиалы арқылы барлығы 574 млн 200 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікке нақты қолдау көрсетудің бірден-бір жолы ретінде Созақ аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кәсіпкерлерге бір терезе негізінде қызмет көрсетуде.
2017 жылдың 11 айында кәсіпкерлікті дамыту, оны жүзеге асыру бағытында «Сәтті бастама» бағдарламасының «Кәсіпкерлік негіздері» курсына қатысып, сертификат алған кәсіпкерлер саны 149-ды құрады. «Мал шаруашылығындағы озық технологиялар» бағдарламасының «Салалық мастер-класс» курсына қатысып, сертификат алғандар саны — 102, тақырыптық тренинг бойынша — 81.
Рұқсатнама құжаттарын рәсімдеу бойынша кеңес алғандар — 462, көрсетілген көмек саны — 174.
Жобаларды жүргізу бойынша берілген кеңес — 769, жасалған бизнес жоспарлар — 77, сүйемелденген жобалар — 79.
Ауданға инвесторларды көптеп тарту және олардың инфрақұрылым мәселесін мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында ауданда жалпы алаңы 50 га жер телімін құрайтын индустриалды аймақ құрылған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 1 млрд 204 млн тг құрайтын 5 жоба іске қосылып, жұмыс жүргізуде. 95 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 222,9 млн.тг құрайтын 1 жоба 2017 жылдың наурыз айында іске қосылған. Одан бөлек бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырылуда. Атап айтсақ:
— Германиялық инвесторымен бірігіп «ЮКСЭС-50» ЖШС-гі құны 80 млн АҚШ доллар құрайтын «Қүн электрстанциясын» салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 125 га жер телімі берілген, ЖСҚ жасалуда. Құрылысты 2018 жылдың наурыз айында басталу жоспарлануда.
— «Теріскей» ЖШС-нің құны 18 млрд 500 млн.тг құрайтын «Асыл металл» өндіру жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда барлау жұмыстары жүргізілуде.
— «Стандарт Угле Хим» ЖШС-нің құны 1,5 млн АҚШ доллар құрайтын «Таскөмірсай» кені тас көмірді өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік – экономиканың барлық саласында барынша көрініс тауып, түрлері мен пішіндерін кеңейту жолы мен инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселелері Заңмен де реттелді. Осы Заңды іске асыру мақсатында облыста арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Созақ ауданы бойынша қандай жобалар жасалуда?
Мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша жұмыстар жүргізуге 9 елді мекенді (Шолаққорған, Таукент, Жартытөбе, Қызылкөл, Қарақұр, Созақ, Қаратау, Тасты, Қыземшек) жарықтандыруға салалық қорытынды алынды. ОҚО экономика басқармасынан экономикалық сараптама қорытындысы алынғаннан кейін іске асырылу концепциясы ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бекітіледі. Концепция бекітілгеннен кейін конкурс жарияланады. Аталған елді мекендердегі көше жарықтандырулары толығымен жаңартылады. Жекеменшік әріптестік бойынша балабақша, спорт алаңшалары алдағы уақыттары жобаға ұсынылатын болады.
БАҚ беттерінде жарияланғандай, осыдан отыз жыл бұрын Созақ ауданының мал шаруашылығында мал басы 1 млн-ға дейін жеткен болатын. Қазіргі таңда мал шаруашылығының ахуалы қандай?
Ия, Кеңес заманында Созақ ауданы негізінен аграрлы аудан болды. 10 совхозда мыңғырған мал болатын. Негізінен асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылығы бағытында болған. Ал, Шу совхозында асыл тұқымды жылқы шаруашылығы дамыды. Қазіргі таңда, 4 асыл тұқымды мал шаруашылық бар. Екеуі түйе шаруашылығы, 2 қой шаруашылығы. Атап айтсақ, «Қарақұр» өндірістік қооперативі түйе және қой асыл тұқымды мал шаруашылығы статусын алған. «Құмкент» өндірстік кооперативі асыл тұқымды қой шаруашылығы. «Бағдат» шаура қожалығы асыл тұқымды түйе шаруашылығы статусын алған.
Ал, жалпы бүгінгі таңда аудан көлемінде 2017 жылдың 11 айында 28 311 бас мүйізді ірі қара, 266 621 бас қой-ешкі, 13 727 бас жылқы, 9 971 бас түйе, 19 908 бас құс өсірілуде.
Яғни, 1999 жылға дейін мал басы азайып келсе, 2000 жылдардан бастап, жыл сайын мал басы санының артып отырғанын байқаймыз. Ал биылғы жылдың өзінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында салалық бағдарламалар бойынша: «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4170 бас тұсақ қойлар алынып, меже 184 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша 630 бас аналық жылқы алынып меже 105 пайызға, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 1600 бас мүйізді ірі қара малын тұқымдық түрлендіру межесі белгіленсе, есепті мерзімде 1608 бас мүйізді ірі қара аналығы тартылып, тапсырма 101 % орындалды. Мал бастарын асылдандыру және оларды көбейтуге байланысты мемлекеттік бағдарламалар арқасында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен 2017 жылы Созақ ауданы бойынша 26 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылып, Әділет басқармасында тіркеуден өтті. Аталған кооперативтерде 509 мүшесі бар. Осы кооперативтер және мүшелері 2017 жылы несиелік ұйымдардан, барлығы 574 млн 200 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады.
Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативі жұмысын ынғайлы ұйымдастыру үшін, Шолаққорған ауылының күн шығыс бетінде арнайы жер берілуде. Аталған жерді ауыл шаруашығына арналған арнайы аймақ ретінде дамытуды көздеп отырмыз.
Биылғы жылы облыс бойынша кооперативтердің индикативті жоспарына сәйкес 3 ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмыстарын ұйымдастыру межесі белгіленген. Мәселен, Шолаққорған ауыл округінен «Әділет 1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 22 млн теңгеге ірі қара мал сою модулін орнатып, іске қосуға дайын тұр. Осы қаржының 11 млн теңгесі инвестициялық субсидия арқылы төленсе, 11 млн теңгесі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несиеленді.
Сонымен қатар, «Нұрдос» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 9 млн теңге несие алып, құрама жем дауындау қондырғысын алып, мал бордақылау алаңын ашты.
«Бекназар» ауыл шарашылығы өндірістік кооперативі. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ 9 млн теңге несие алып, құрама жем дауындау қондырғысын алды және шағын сүт фермасын ашты.
Облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда, Теріскейдің ерекшеліктерінің бірі – уран қазба байлығының өндірілуінде. Сіздердегі атом өнеркәсібі республиканың экономикасында алар орны салмақты. Өйткені, уран өндіруге байланысты Франция мемлекетімен бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда. Осы уран өнеркәсібінің келешекте дамуы, осының негізінде басқа да өнеркәсіптің пайда болуы туралы ерекшеліктерді атап берсеңіз…
«Қазатомпром – өнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы аудан халқы үшін үлкен көмектер көрсетуде. Мәселен, Ұлы Отан, ауған соғысының ардагерлеріне, мүгедектер мен жесірлерге, батыр аналарға қашанда көмегін аяған емес. Мереке күндері тарту жасап, сый-сияпат көрсетіп тұрады. Түрлі шаралардың өтуіне демеушілік жасайды. Талантты өнерпаздарды қолдап көмектер көрсетеді. Мәселен бір ғана «КАТКО» компаниясы осы уақытқа дейін Созақ ауданына жалпы сомасы 1 млрд 89 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Жыл сайын берілетін көмектерден бөлек, 1 мектеп, 80 орындық 1 балабақша салып берді. Алдағы уақытта «Инкай» кәсіпорнымен балаларға арналған жазғы демалыс орнын салып беру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл жоба іске асса, оқушыларды жылдағыдай Машат шатқалына демалдыруға сабылмаймыз. Жаз мезгілінде оқушылар, қыс мезгілінде ардагерлер демалатын болады.
Қазіргі таңда «Қазатомпром – өнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясы қарасты компанияларда 10 мыңға тарта адам жұмыс істейді десек оның, 70 пайыздан астамы аудан азаматтары екенін айта кетуіміз керек. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр.
Суретте: Шолаққорған ауылы.
Екіншіден, индустриялды аймақта, бірнеше зауыттар өндіріске қажетті құрал жабдықтар шығарып отыр. Мәселен, ауданда индустриалды аймақ құру мәселесі қолға алынып, 50 га жер телімі резервке қойылды. Индустриалды аймақта «UKO-S-Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС, «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС, «Дархан-Ас» ӨК ас тұзын өндіру зауыты және «Сырлы Созақ» ЖШС-нің «Полимер қалдықтарын қайта өңдеу, төменгі қысымға арналған полиэтилен құбырын шығару» жобаларында шығарылатын өнім көлемі 433 млн. теңгені құрап, оларда 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «UKO-S Star» металл бөшкелер құрастыру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылы іске қосылды. Техникалық майларға арналған темір бөшке зауытының құны 337 млн теңге. Жылына 120 000 бөшке шығаратын зауыт, 25 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 52 600 теңге. Уран өндірісі кезінде аграрлы аудан болған Созақ өңірі, орта және шағын бизнестің локомативі ретінде дамуына серпін беріп отырғанын атап өтуіміз керек.
Сіздің Созақ ауданының басшысы болып қызмет атқарып жатқандығыңызға 6 айдан асты. Сіз жұмыс жасаған мерзімдегі елеулі шараларды атап өтсеңіз?
Созақтай әулиелі, тарихы терең киелі жерді басқару үлкен жауапкершілікті талап етеді. Басшылық маған осы қызметті сеніп тапсырғанда оны жан тәніммен сезіндім. 6 ай қысқа ғана уақыт. Дегенмен біршама істерді атқаруға тырыстық. Мәселен 5-6 жылдан бері мәселе туындап, құрылысы аяқталмай келе жатқан «Тәуелсіздік» саябағын аяқтап пайдалануға бердік. Демеушілер есебінен әр ауылда спорт алаңшаларын соқтық. 2 жекеменшік балабақшаны іске қостық. Шолаққорған–Шымкент тас жолының екі шетіне тал егіп абаттандыру жұмыстарын жалғасытырып жатырмыз. Шолаққорған-Созақ бағытындағы айналма жолды іске қостық. Келер жылға бірнеше құрылыс нысандарын жоспарлап отырмыз. Толық аяқталған соң өздеріңізден сүйінші сұрайтын боламыз.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Салтанат Тойболова.