«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының кестесіне сәйкес, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш әр айдың соңғы жұма күні жеке қабылдау өткізуге міндетті. Ал, 2017 жылдың 26 желтоқсан күні сайлаушылардың өтінішімен облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Назарбекұлы жеке қабылдау өткізді. Осыған орай, Абай ауданы Игілік тұрғын алабының тұрғындары зейнеткер Әбдірашит Тұранқұлов пен зейнеткер Жиенбек Бекназаровтар қабылдауда болды. Өтініш иелері Игілік тұрғын алабындағы жер учаскесінде 2006-2007 жылдардан бері жеке тұрғын үй салған. Содан бері 11 жылдан асса да олар тұрып жатқан үйлерін заңдастыра алмай отыр. Олардың өтініштерін қалалық жер комиссиясы қарап, комиссияның қорытындысын беруден бас тартқан. Осыған байланысты тұрып жатқан үйлерін заңдастыра алмай отыр. Міне, осының салдарынан тұрғындар заңды тіркеуге тұра алмай, баспаналары нөмірсіз, көшелері атаусыз қалып отыр. Өтініш иелері Ә. Тұранқұлов пен Ж. Бекназаровтардың мәліметі бойынша Игілік тұрғын алабында 3 мыңға жуық тұрғын үй иелері әлі күнге дейін тиісті құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Аталған өтініштер бойынша депутат Дулат Әбіш журналистік зерттеу жүргізу туралы шешім қабылдады. Соның қорытындысы бойынша арыз иелеріне тиісті заңға сәйкес жауап беріледі. Егер журналистік зерттеу барысында заңбұзушылық фактілер анықталған жағдайда «Айғақ» теларнасы арнайы хабарлама жасайды.
Жеке қабылдауда болған қала тұрғындары Ә. Тұранқұлов пен Ж. Бекназаровтарды құрметпен шығарып салды.
Абай Омар