Бүгін Шымкент қаласында салтанатты түрде жаңа жылдық бас шырша шамы жағылды. Әл-Фараби алаңында орнатылған шырша шамын облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев жақты. Шымкенттіктерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеште облыс әкімі көпшілікті келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Жаңа жыл – әр отбасына жылулық әкелетін, көңілге үміт пен сенім ұялатып, шапағат пен шаттық, мейірім мен ізгілік сыйлайтын ғажайыпқа толы мереке! Жаңа жыл жүріп өткен бір жылға баға беріп, тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін ерекше мерзім»,-деді әкім.
18 метр биіктіктен тұратын шырша шамамен 200 дана әдемі ілмектер мен 1800 метр жарқылдаған шамдармен безендірілді.
Шараға жиналған жұртшылық жаңа жылдың сүйікті кейіпкерлері Аяз ата мен Ақша қар және ертегі кейіпкерлерінің көрінісін көріп, мерекелік бағдарламадан бөлек отшашуды тамашалады. Жыл сайынғы дәстүрге сай жаңа жылдық шырша Тәуелсіздік мерекесінен кейін орнатылып отыр.
Жаңа жылдық шыршалар қаланың үш жерінде – Әл-Фараби алаңында, Ш.Қалдаяқов аллеясында және «Нұрсат» мөлтек ауданындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылды. Шырша шамын жағу рәсіміне жүздеген қала тұрғындары қатысты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі