Түркістан қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 510 қызмет алушы бар. Былтыр ғана пайдалануға берілген орталықтың екінші ғимараты бүгінде қызмет алушылар үшін жарап тұр. Өйткені, заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған ғимарат ішінде жаныңа қажеттінің барлығы бар. Екінші қабаты жатын орынға арналған. Әр бөлмедегі тазалық күнделікті кезекшілермен қадағаланса, қызмет алушылардың жүріп тұруы назардан тыс қалмайды. Ал, бірінші қабатта еңбекті дамыту үшін түрлі кабинеттер жабдықталған.
Қызмет алушылар күніне 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Жатын уақытта ағарған, яғни айран беріледі. Орталықтағылардың тамақ рационы басшылармен қатаң қадағаланып отырады. Мәселен, тарқатылатын астың бір бөлшегі тоңазытқышқа қойылады. Бұл – санитарлық қызметтің, тағам сапасы мен нәрлілігінің қуатын әркез тексеруге мүмкіндік береді. Осы ретте туындайтын заңды сұрақ. Орталықта қызмет алушылар неліктен никельді ыдыстан тамақ ішеді? Бұл алдымен, қауіпсіздік үшін болса, екіншіден бағасы кәдімгі эмальды ыдыстан қымбат тұрады және сатылымда таптыра бермейді. Қоғамдық денсаулық сақтаудың талаптарына сәйкес, бұл стандартқа сай. Сондықтан, никельдің адам денсаулығы үшін пайдасы да жоғары екендігі ескеріліп, ыдыс төзімділігі есепке алынған.
Кезінде «131 адамнан туберкулез ауруы анықталды», — деп шу шыққан орталықтың жұмысы бүгінде жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осылардың арасында 1 жыл көлемінде 77 қызмет алушы науқасынан айықса, 54 азамат әлі күнге дейін арнайы ауруханаларда емін қабылдап жатыр. «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», қалалық мәслихаттың депутаты Мақсұтхан Дүйсенбеков басқарып отырған №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жоспарлары көп. Сондай-ақ, ескірген ғимаратты алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары күтіп тұр.
Салтанат Тойболова