Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мерекесіне орай департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шараны ОҚО ІІД-нің бастығы полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков өзінің құттықтау сөзімен ашты. Баяндамасында Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктерін, Елбасы басшылығымен жасалған қоғамдық тұрақтылық пен өркендеудің бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың жүзеге асырылуы арқасында еліміздің өркендеп отырғанын тілге тиек етті.
«Генералдар Кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, профессор, академик, әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың өзі келіп, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ішкі істер органдарының құрметті ардагері милиция генерал-майоры Сұлтанов Жеңісбай Әбдікерімұлына «Құрмет» медалін тапсырды.
Милиция генералы Жеңісбай Сұлтанов ішкі істер органдары қатарында көп жыл еңбек етті, еліміз тәуелсіздік алған жылдары департаментті басқарды. Еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты, Ішкі істер органдары басшыларының бірнеше буынын тәрбиеледі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарында лайықты қызмет атқарған Жеңісбай Сұлтанов Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Түлкібас ауданының құрметті азаматы, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі Президиумының мүшесі және ОҚО ІІД жанындағы консультативті-кеңесші органның төрағасы. Көптеген наградалар, грамоталар мен медалдар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» және ҚР Ішкі істер министрінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.
Сонымен қатар, Шымкент ҚІІБ Қаратау ПБ ЖПҚ қарасты ювеналды полиция инспекторы полиция лейтенанты Айтмұхамедов Ерлан ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Еске салар болсақ, 2017 жылдың 27 шілдесінде кешкі сағат 21:30-дар шамасында Шымкент қаласындағы Бадам өзені бойында орналасқан Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметіне бағынысты жол-патрульдік полиция полкінің стационарлық бекетінің қызметкерлері адамдардың көмекке шақырған дауысын естиді. Стационарлық бекеттегі полицейлер дереу оқиға орнына барады, барған кезде, көшедегі азаматтар өзенге қарай бағыттап, 13 жастағы жасөспірімнің батып бара жатқанын көрсетеді. Тәртіп сақшылары сол сәтте-ақ көмек беруге жүгіреді.
Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметіне бағынысты жол-патрульдік полиция полкінің полицейі полиция сержанты Е.Айтмұхамедов суға сүңгіп, батып бара жатқан жасөспірімді өзеннен аман алып шығып, алғашқы көмек көрсетеді. Полицейлер кейіннен аман қалған сөйлеу мүмкіндігі шектеулі жасөспірім Шымкент қаласы Қаратау ауданы Сайрам елдімекенінің 2004 жылы туылған тұрғыны Шаймиддинов Шорустам Шокбарович екенін анықтады. Жасөспірім өзенге аяқ киімі түсіп кетіп, соны алмақ болған кезде суға құлап кеткен. Өзеннің ағысы қатты болғандықтан, өз күшімен жағаға шыға алмаған. Полицейлер жасөспірімді Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасы Әл-Фараби полиция бөліміне жеткізіп, мән-жайды түсіндіріп, кейіннен үйіне апарып, туыстарына табыстаған.
Осы оқиғаның негізінде, ОҚО ІІД басшылығы тарапынан ҚР ІІМ-не мемлекеттік наградаға ұсыну туралы хат жіберілген болатын. Мерекелік іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті сақтауда, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ҚР ІІМ нің бұйрығымен 20 қызметкер салтанатты түрде марапатталады. Олар: 2 қызметкерге бір саты жоғары арнаулы шені берілді, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен 3 қызметкер, ҚР ІІМ-нің «Құрмет грамотасымен» 3 қызметкер, «Ішкі істер органдарының үздігі» омырау белгісімен 3 қызметкер, ІІМ-нің «Грамотасымен» 3 қызметкер, ІІМ-нің «Алғыс хатымен» 3 қызметкер, 3 қызметкерге ІІМ-нің алғыс жарияланды. Сондай-ақ, 156 тәртіп сақшысы департамент бастығының бұйрығымен марапатталды. Салтанатты жиын соңы облыстық эстрада жұлдыздары мен өнерлі жас полицейлердің мерекелік концертімен жалғасты.