Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні биыл отырарлықтар үшін мол тартуларымен келіп отыр. Яғни, мереке қарсаңында ауданда жалпы саны 10 әлеуметтік нысан іске қосылды.
Соның алғашқысы Түркістан қаласымен шекаралас Балтакөл ауылында кіреберіс тұстағы қақпа. Бұл аудан орталығы Шәуілдірден ең шалғай жатқан ауыл болып саналады.
Сондай-ақ, бұл мекен тары өсіруімен атақты. Аталған ауылдағы кәсіпкерлер Серғазы Батырбеков, Сабыржан Досжановтардың тары өңдеу цехын іске қосылды. Ал, қос кәсіпкердің тары өңдеу цехының қуаттылығы тәулігіне 2-2,5 тонна тары, талқан өңдейді. Тары өңдейтін дирменнің құны – 800,0 мың теңгені құраса, нысанның жалпы құны – 4 млн. теңге. Тары цехында 2 адам тұрақты, 10 отбасын уақытша жұмыспен қамтылып отыр.
Мұнан өзге Маяқұм мен Қарақоңыр ауылдық округтерінде фельшерлік акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Қарғалы ауыл округінде облыстық маңызы бар КХ-24 автожолының бойындағы көпір ашылды. Осы көпір арқылы Түркістан қаласы мен Отырар, Арыс аудандары байланысады. Біршама жылдан бері жарамсыз күйге түскен көпір қайта салынды. Жалпы құны 54 млн теңгені құрайтын нысан жолаушылардың жолда жүруіне қолайлы жағдай жасалынбақ.
Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлеріне де көңіл бөлініп отыр. Яғни тұрғындарға қызмет көрсететін Кәсіпкерлік орталықтары ашылды.
Тағы бір айта кетерлігі, облыс бойынша Отырар ауданы ветеринарлық тіректі іске қосты. Биылдыққа оның 9-ы салынса, қазіргі таңда олар жұмыс жасап жатыр.. Мұндай ветеринарлық тірек әзірге тек Отырар ауданында ғана бар. Жоба құны – әрқайсысына 8 млн.теңгені құрайды. Мекеменің салтанатты ашылуына аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.
Мерекелік шара Қажымұхан атындағы спорт кешенінде эстафеталық ойындар, Мәдениет сарайында салтанатты шара мен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
«Айғақ-ақпарат».