Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясы аясында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шәріп санитарлық ережелерді жеңілдету отандық кәсіпкерліктің дамуына қалай әсер еткені туралы айтып берді.
Берік Шәріптің айтуынша, ендігі супермаркеттердегі тексерулер ерекше тәртіп бойынша жүргізілмейді.
«Шағым түскен жағдайда немесе бақылау үшін сатып алулар кезінде супермаркетте нормаға сай емес өнімдер анықталса ғана тексеріс жүргізілетін болады», — деді Б. Шәріп.
Медициналық зертханалардың қызметіне қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдетілді. Бұған дейін талаптардың жоғары болуына орай, олар кейбір зерттеу түрлерін жүргізуге тиісті рұқсатты ала алмады. Осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі қайта реттеу жұмыстарын жүргізді.
«Біздің зертханаларымыз бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан жағдайларда бұл зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар пайда болғанын ескеріп, жекелеген зерттеу түрлерін жүргізуде олардың қызметін заңдастыруға шешім қабылдадық», — деп түсіндірді Берік Шәріп.
Мәселен, бұған дейін қазақстандық зертханалардың эпидемиялық паротит секілді вирустық гепатит түріне қатысты зерттеулер жүргізуге құқығы болмады. Дегенмен, баяндамашы атап өткендей, шектеулерді алып тастағаннан кейін, елімізде эпидемиялық паротит гепатитінің 300 мыңға жуық зерттеуі жүргізілуде. Шамамен құны — 1,5 млрд теңге.
«Бұл үлкен нарық. Осыған дейін бұл жеке зертханаларға өздеріне қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру қиынға соққандықтан қолжетімсіз болды. Бүгінде олар мемлекеттік тапсырыстарға да талаптана алады », — деді комитет төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар бүгінде министрлік «дөңгелекті» бизнесті заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Бұған дейін бұл бизнес түрі санитарлық ережелерде қарастырылмаған. Енді кәсіпкерлермен бірқатар талқылаулардан кейін, егер тиісті талаптар сақталса, «дөңгелекті» бизнесті жүргізуге болатынын анықтадық, — деп қорытындылады Берік Шәріп.
Дереккөз: primeminister.kz