Бүгін «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төралығымен жиын өтті.
Онда аймақ басшысы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға белсене қатысқандары үшін шынайы алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарды марапаттады.
«Өткен жылдың желтоқсан айында ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің отырысында Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп Ер түріктің бесігі болған Түркістанның жариялануы еліміз үшін, оның ішінде Оңтүстік өңірі үшін зор мақтаныш болды. Біз биыл Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінен бастау алған бүкіл түркі жұртына ортақ «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында жыл бойы халықаралық деңгейдегі 40-тан астам түрлі іс-шараларды атап өттік. Осынау маңызды шараны барынша жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігеріміз бен ынта-ықыласымызды салдық. Халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін»,-деді әкім.
Сонымен жиында Қазақстан-Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытқаны үшін медалі облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевке, облыстық мәслихаттың депутаттары Өмірзақ Мелдеханов пен Серікжан Сейтжановқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа, «ОҚО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жамалбек Шәріпбекке, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевқа және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уалихан Әбдібековке табысталды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қайсейіновтің Алғыс хатымен арнайы сыйлығы тапсырылса, облыс әкімінің Алхыс хатымен облыстық мәслихатының депутаттары, аудан, қала әкімдері және басқарма басшылары марапатталды.
Мәжіліс соңында аймақ басшысы алдағы Еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жылдан жылға басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздік, Бейбітшілік пен Ұлттық бірлігіміз нығая берсін деп өз сөзін қорытындылады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі