Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары Ақтас ауылынан бастау алды.
Мұнда аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең алғашқы саумалмен сауықтыру емдік орталығының ашылу салтанатына қатысты. Оңтүстікте жүзеге асқан бірегей жобаның ашылуына ОҚО мәслихатының бірқатар депутаттары да арнайы келді.
Аталған орталықты жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен салған. 50 орындық орталықта саумалмен емдеу, минералды ванналар, тұзды бөлме, фин моншасы, массаж, биоптрон жарық терапиясы, жабық бассейн, атпен серуендеу, ұлттық тағамдар бар.
Келушілерге мұнда ыңғайлы жатын орындары мен саумал, күніне 3 мезгіл тамақ, жəне атпен серуендеу ұсынылады. Таза ауада. Демалыс күндік ақысы 5 мың тенгені құрайды.
Оңтүстіктегі бірегей орталықтың ашылуынан кейін Жансейіт Түймебаев бастаған қонақтар ғимараттың ішін аралап көріп, емдеу орталығының жұмысымен танысты.
«Аққен-Саумал» сауықтыру орталығының негізгі ерекшелігі – саумал және саумал қымызбен сауықтыру. Саумал – жаңадан ғана сауылған бие сүті. Сол себепті де, облыс әкімі орталық қоражайын арнайы аралап, ондағы биелерді көрді.
Құрылтайшысы алдағы уақытта бұл жерден саумалмен емдейтін балалар лагері мен спорт кешенін ашуды жоспарлап отыр.
Саумал ішсе сауығатынын білетін ауыл тұрғандары мұндай емдеу орталығының ашылғанына дән риза. Ендеше, Қазығұрт баурайында дем алып, саумал қымызымен ем алғыңыз келсе, «Аққен-Саумал» сауықтыру орталығына келіңіз.
«Айғақ-ақпарат».