Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жаңа басшысы тағайындалды. ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бұл қызметке полиция полковнигі Дәлбеков Қайрат Сұлтанбайұлы келді. Жаңа басшыны таныстыру рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Оңтүстік Қазақстан облысы халық саны жағынан алғанда көш басындағы өңір. Тұрғындары көп аймақта жұмыс та көп болады. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ішкі істер саласында жинаған тәжірибеңіз бен біліміңізге сүйене отырып, өзіңізге жүктелген міндеттерді зор абыроймен атқаруыңызға тілектеспін», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков 1963 жылы 1 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында ракеталық бөлімде әскери борышын өтеген. 1985 жылы Қарағанды қаласындағы Ішкі Істер Министрлігінің жоғары мектебін бітіріп, 1989 жылы Шымкент облыстық атқару комитетінің ИЧ-167/1 мекемесінде шұғыл бөлімнің жедел уәкілі болған. 1994 жылы Мемлекеттік Тергеу комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының 3-бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін атқарған. Сондай-ақ, ол Мақтарал ауданы ІІБ бастығының бірінші орынбасары, Кентау қалалық ІІБ бастығы, 2009 жылы қаңтар – мамыр айларында ОҚО ІІД бастығының орынбасары, 2011-2013 жылдары ОҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бері Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, осыған дейін ОҚО ІІД бастығы болған Жанат Сүлейменов ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі