«Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты жобаның жабылуына арналған гала-концерт өтті. Шаһарымызда орналасқан Түркістан сарайында Түркісой Тұрақты Кеңесінің 35-отырысымен түркі әлемінің ортақ жобасы қортындыланды.
Шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы хатшысының орынбасары, доктор, доцент Фырат Пурташ түркі жұртының басын қосқан «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының өз деңгейінде сәтті аяқталуымен құттықтады.
Салтанатты жабылу шарасы барысында 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркия Республикасының Кастамону қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» символы мен туы тапсырылды. Сонымен қатар, наурыз айынан бері өтіліп жатқан жобаға еңбегі сіңген мәдениет және өнер ұжымдары басшылары, өңіріміздегі бірқатар БАҚ өкілдері марапатталды. Соның ішінде жыл бойы ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосып келе жатқан Дулат Әбіш бастаған «Айғақ» теларнасының ұжымына ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Құсейінов Дүйсен Құрабайұлының арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.
Бауырлас елдердің басы қосылған іс-шарада Түркия, Өзбекстан, Түркменстан, Әзербайжан, Қырғыстан мен Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва Республикалары және Қырымнан келген өнер ұжымдары өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Іс-шара Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының әншілері мен мерекедегі барлық қатысушылардың орындауындағы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» әнімен аяқталды.
Жансая Елемесова