Бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша судья Әділхан Шайхисламов сот процесіне қатысушыларға ескерту жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Сот барысында Аслан Жақыповтың адвокаты Галина Әлімғожина бірқатар БАҚ-тың материалдарына қатысты өзінің ойын білдірді. Оның пайымдауынша, ол материалдар процесс барысына әсерін тигізуі мүмкін.
«Тілші менің қорғауымдағы Жақыповтың «Панама құжаттарында» бар екенін жазады. Аталған мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Сөйтіп ол сотты жаңылдырады», — дейді адвокат Әлімғожина.
Ал Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Сәлімжан Мусин да бұл мәселеге қатысты өзінің көзұарасын білдірді. Ол тілші сот залында сотталушылардан жауап алу кезінде белгілі болған фактілерге сүйене отырып, болжау мазмұнында мақала жаза алуға құқылы екендігін айтады.
«Тілші қатысушылардың, соның ішінде Мусиннің жауабын нақты келтірген. Онда сот залындағы сөз жазылған. Тілші болжам бойынша деп жазады. Менің ойымша, ол өзінің ұстанымын білдіре алады, сондықтан мұндағы мемлекеттік айыптаушының мақаланың дәйексіз мәліметтері туралы айтуы негізсіз деп есептеймін. Бұл мәліметтер сот талқылауы барысында қатысушылардан алынған жауап негізінде келтірілген. Не айтылды — сол жазылды», — дейді қорғаушы.
Өз кезегінде судья Әділхан Шайхисламов адвокаттарға барлығына тек соттың баға бере алатынын еске салды.
«Сот осындағы барлық куәгерлердің жауабына баға береді. Мен қандай да бір өтініш бермеу туралы процеске қатысушылардың барлығына ресми түрде алдын ала ескерту жасаймын», — дейді судья Шайхисламов.
Еске сала кетсек, 10 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда. Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.