1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай 196 пәтерлі «Астана» тұрғын үй кешені пайдаланылуға берілді. Шымкенттік 96 отбасыға облыс әкімі пәтер кілтін табыстады. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қаржыландыруымен қазіргі таңда 2 блок, яғни 96 пәтер пайдалануға берілсе, қалған 2 блок келер жылдың бірінші тоқсанында пайдаланылуға беріледі.
Аталған құрылысқа «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 1,56 млрд. теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Жобаның жалпы құны – 2,75 млрд. теңге. Мұндағы пәтерлердің жалпы ауданы – 14776,6 шаршы метрді құрайды.
Аталған тұрғын үйдегі «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-нан пәтерлерді сатып алуға болады. Бағдарлама бойынша орташа бағасы бір шаршы метр үшін 180 мың теңгені құрайды. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5-тен 10 пайызға дейін. Осылайша, алдағы уақытта «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы салған инвестиция мемлекет қоржынына қайтарылып, келесі жобаларға қайта құйылатын болады.
Жансая Елемесова