1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні еліміздегі айтулы мерекелердің бірі. Яғни осыдан тура 26 жыл бұрын дәл осы күні кең байтақ қазақ даласында тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы болып өтті. Міне осынау тарихи күнде Н.Ә.Назарбаев халықтың 98,7 % дауысына ие болып, егемен еліміздің Тұңғыш Президенті атанды. Осы орайда айтулы мерекеге арналған ОҚО-ның негізгі шарасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өтті. Мұнда келген қонақтар үшін Мемлекет басшысының өмір жолынан сыр шертетін кітаптар көрмесі қойылған.
Ал жергілікті мәслихат депутаттары, ардагерлер және де зиялы қауым өкілдері мен студент жастар көптеп жиналған мерекелік шара мемлекеттік әнұранымызды шырқаумен бастау алды.
1991 жылдан бері Тәуелсіз Қазақстан Республикасын күллі әлемге таныта білген салмақты саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуына қомақты үлес қосты. Мерекелік жиында сөз алған Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша облыс тұрғындарын құттықтай келе айтулы мерекенің мән маңызына кеңінен тоқталды.
Ал мұнан соң аймақ басшысы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Еткен еңбектері еленіп, құрметке бөленгендер қатарында қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отырған сала ардагерлері де бар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздік жылнамасында сіңірген еңбегі зор. Ұлттақ Рәміздерімізді бекітіп, Төл теңгемізді айналымға шығаруда да Мемлекет басшысы табандылық таныта білді. Ал ең бастысы егемендік алған қиын-қыстау жылдары мемлекетіміздің баянды болашағын болжай отырып, нақты бағыт бағдарымызды айқындады. Сондықтан да мерекелік шара барысында шырқалған әндер нар тұлғалы Елбасыға арналып жатты.
Еліміздің тұғыры биік бүкіл әлем мойындаған мемлекет болып қалыптасуы жолында Президентіміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан, бұл мерекенің тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. Мәселен, айтулы күн арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында бағындырған белестерінен хабардар болмақ.
Мемлекет басшысының бүгінде Ұлттың мақтанышымызға айналып отырған елордамыз Астананың уығын қадап, күллі әлемге бас қаламызды мойындата білгені өзінше бір тарих. Мұнымен қоса, халқымыздың бүгіні мен ертеңіне мән беріп, алдағы тірліктерінің жоспары ретінде Қазақстан халқына жыл сайын маңызды стратегиялық Жолдауларын ұсынып және оны сәтті жүзеге асырып келеді. Әрине мұның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қазаққа деген сүйіспеншілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары іскер басшы екендігін айшықтай түседі.
Әрине, бұл күн тек Елбасының емес, Қазақстанның мерекесі. Олай болса кең байтақ жеріміз аман, еліміз тыныш, әр қашан тұғырымыз биік, мақсатымыз айқын болып, көк туымыз күллі әлемнің төрінде желбірей берсін. Баршаңызға мерейлі мереке құтты болсын!
Абай Омар