Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов – 70 жаста. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ел ағасының мерейтойына арналған «Айдынды Азамат» атты шығармашылық кеші өтті. Шараның мақсаты қалың оқырманды Отанына адал қызмет етуге, әдебиетті сүюге баулу болып табылады.
Елім деп соққан жүрегінің қалауын орындаған, адал тірлігінің арқасында өзінің өрнекті мектебін қалыптастырған, елінің құрметіне бөленген, халықтың қалаулысына айналған, қоғамдық өмірдегі толымды тұлға болып отырған, қашанда айтар сөзі бар Қуаныш Айтахановтың өмір жолы жастарға үлгі-өнеге.
Оңтүстік өңірі ғана емес, Қазақстанның даму тарихында есімі ерекше аталатын тұлғаның жүріп өткен жолы өнегеге толы. Жетпіс жылдық ғұмырында – Қуаныш Айтаханов жастарды, партияны, ауданды да басқарды, Сенаторлыққа дейін көтерілді. Әр аймақта Айтахановтың қалдырған өз қолтаңбасы мен ізі бар.
Қуаныш Айтаханов 1947 жылы 14 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Отырар ауылдық кеңсесінде дүниеге келген. Бала Қуаныш мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде зерек, білімпаз болып өсті. Жігері жалын жеткіншектің қаламынан шыққан туындылары аудандық газеттерде жиі жарияланатын. Бұл қиялы ұшқыр Қуаныштың журналист боламын деген арманына қанат бітіріп, болашақ мамандығына таңдау жасауға мүмкіндік тудырды. Қазіргі таңда ел ағасының «Елге қызмет – басты міндет», «Қызмет еттім халқыма», «Өмір белестері», «Ел мерейі жолында» , «Отырар жәдігерлері», «Сөз сұраймын» атты кітаптары ойлы оқырман қолында.
Қуаныш Айтаханов ҚР Жоғары Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты, ҚР Жоғары Кеңесінің сайлауы бойынша Арыс сайлау округінен ұсынылған, Шымкент облыстық Халық депутаттары кеңесінің депутаты, ТМД қатысушы мемлекеттері Парламентаралық Ассамблеяның мүшесі қызметтерін атқарған. Айдынды азамат бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» және де «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Елге аянбай еңбек еткен Қуаныш Айтаханов жүріп өткен жолын таразылай қарағанда жүрек тыныштығы сезіледі. Өйткені, оның қалдырған ізі тарихтың үлкен белестерінде, халқының жүрегінде мәңгілік сайрап тұр.
Жансая Елемесова