Әлем чемпионы Қайрат Ералиев жалынды жастармен кездесті. Әсерлі жиын Төлеби ауданындағы Абай атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде өтті.
Төлеби ауданы Абай ауылындағы Абай атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде оқушылар таң сәріден сап түзеді. Бүгінгі шараға тиянақты дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Гамбругте өткен Әлем чемпионатында жеңіс туын желбіретіп, алтыннан алқа таққан Қайрат Ералиев ең әуелі, аталған білім ордасының абыройын асырып жүрген жас спортшыларымен жүздесіп, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Тарихы терең білім ордасы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде мұндай шараларды өткізуді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары дәстүрге айналдырған.
Әсерлі өткен кездесу кешінде жас толқындар әсем әндерін шырқап, ұлттық биімізді орындады. Былғары қолғап шеберіне арнаған әсерлі өлеңдерін оқыды. Әлем чемпионымен өткен еркін сұхбаттасу барысында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды, өз кезегінде спорт шебері де жастарға үлгі өнеге боларлықтай ақыл-кеңестерін аямады.
Спорт — салауатты өмір салты. Сондықтан адам баласы спортты жанына мейлінше серік еткені абзал. Ал осы спорт саласында жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап жүрген спортшылардың еңбегін жастарға дәріптеу арқылы, олардың бойындағы патриоттық рухын арттырып, спортқа деген қызығушылығын оятуға сеп болмақ.
Шара соңында Абай атындағы білім ордасы Қайрат Ералиевке сый-құрмет көрсетті.
Айзада Бидан