Ташкентте Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 25 жылдығына орай халықаралық ғылыми конференция өтті.
Оған бауырлас бес елдің құрылым басшылары, әлемнің ірі қаржы ұйымдары мен ғалымдар және 200-ге жуық сарапшы қатысты. Мамандар ширек ғасырда мемлекетаралық институттың жинаған тәжірибесімен бөлісіп, алдағы бірлесіп атқаратын шаруаларын пысықтады. Жалпы комиссия ортақ бассейндегі судың өзендерге қажетті деңгейде жетуін реттеп отырады. Соның арқасында Сыр мен Әмударияның сағасында орналасқан елдерде ауыл шаруашылығы саласы қалыпты дамып келеді. Конференцияда Арал теңізі бассейнін қалпына келтіру, суды үнемді пайдалану, экологиялық ахуалды жақсарту сынды мәселелер көтерілді. Ең бастысы талайдан бері айтылып келген Өзбекстанмен іргелес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты үш аудан тұрғындарына Өгем өзенінен ауызсу алу мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі:
– Қазақстанның оңтүстік облысындағы Шардара, Мақтарал, Шымкент қаласының Сарыағаш ауданына қажетті ауызсу мәселесі шешілді. «Өгем» өзенінен өзіміздің еншімізді алу туралы келісімге келдік. Алдыңғы уақытта соған қажетті іс шаралар жасап, сол елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін толық шештік. Бұл да осы комиссияның бір үлкен жетістігі деп санауға болады.
Дереккөз: 24.kz