Мұстафа Өзтүріктің толық есімі Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман 1954 жылы 23 қарашада Мұсаходжалы ауылы Кайсері қаласы Түркия Республикасында дүниеге келген. 1995 жылы 15 наурызда Алматы қаласында қайтыс болған.
Өзтүрік Стамбұлдағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Өзтүрік таэквондодан қара белбеу алтыншы дан иегері. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Белгісіз жағдайда қазаға ұшырап, денесі Стамбұл қаласында жерленді. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.
Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.
1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді.
Қазақ тілінен бөлек ағылшын, қытай, жапон, корей, неміс тілдерін меңгерген Мұстафа Өзтүрік Түркияда алты фильмге түскен. 1980 жылы отбасын құрған. Қазір оның жесірі Нүрилә, ұлы Нәзірбек, екі қызы Неслі мен Аслы Мюнхенде тұрады.
Өтүріктің алғашқы шәкірттерінің бірі Қайрат Қырғызбаев 2009-2012 жылдары Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Тағы бір шәкірті Қайыр Мейірбеков Алматыда Мұстафа Өзтүрік мектебін ашып, сонда таэквондошылар тәрбиелейді. Осы мектептің түлектері Арман Шылманов Пекин Олимпиадасында қола жүлде иеленді, ал Нұрсұлтан Мамай 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында күміс медаль алды.
Қазақстандағы бірнеше елді мекенде, Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік атындағы көше бар. Алматыда ашылған шебердің атындағы таэквондо орталығы осы спорт түрін насихаттайтын шараларды жиі ұйымдастырып тұрады.