Қазығұрт ауданында газобетон блогын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың дана өнім шығаратын зауыттың алғашқы жұмысымен танысты. Жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жүзеге асқан. Құны 120 млн. теңге болатын жобаның іске қосылуы аудан үшін өте маңызды. Енді аталған кәсіпорынның газобетон блогы аймақта бой көтеретін көпқабатты нысандарға пайдаланылмақ. Өнімнің ұзындығы 60 см, ені 30 см,ал биіктігі 40 см құрайды. Бүгінде Қазығұрттың индустриялды аймағында мұнан өзге 7-жоба жүзеге асырылуда.
Сапар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жеке кәсіпкер Гүлзия Бейсебаеваның кондитерлік цехының жұмысына куә болды. Жылына 25-30 тонна тәтті өнімдер шығаруға қауқарлы жобаның құны 80 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ісін өрге дөңгелетіп отыр. Кондитерлік өнім өндіретін құрал –жабдықтар Түркия елінен жеткізіліпті. Бүгінде мұнда 10-адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы Қазығұрт ауданы бойынша мал басы саны артып келеді. Бүгінде аймақта 67 833 ірі қара, 324 716 уақ мал, 29 176 жылқы бар. Бұл бағытта ірі және орта мал бордақылау , асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алған «Сапа -2002» ЖШС-гі мал басының санын 9 мыңға жеткізген. Олардың 50 пайызы, яғни 4500 бас бордақыдауға қойылған. Шаруашылық жұмысымен танысқан облыс әкімі серіктестік төрағасына бірқатар ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Мал басы санын көбейтіп, Өзбекстан мен көршілес жатқан елдерге сататын шаруа иесіне ,одан бөлек ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашуына болады. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің табыс көзін ұлғайтып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуға да мол мүмкіндік береді.
Жомарт Бегімбет