Жазушы, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов Оңтүстікке келді. Қазақ сөз өнерінің қабырғалы қаламгерін облыстық өзбек драма театры арнайы шақыртқан. Себебі дәл сол өнер ошағы Сәбит Досановтың шығармасын сахналап отыр. «Қасқыр ұлыған түн» атты драмада қиын тағдыр мен көрерменді ойландыратын оқиғаның желісі жатыр.
Театрдың сахнасында қойылған бұл романда жазушы Сәбит Досанов өзінің бастан кешкен оқиғасын жазған. Атақ алып, халықтың қошеметіне бөленіп жүрген қаламгер бір-ақ күнде трагедияға тап болады. Отау құрғалы тұрған 21 жасар Данияр есімді ұлы қаза тауып, әкенің қабырғасының қайысуы ең сорақы қасірет. Шығарманың ерекшелігі жазушы тек қайғы-қасірет жазумен шектелмейді, өмірдің қиындығымен күресуді көрсеткен.
Қасқыр мінезді қазақ тарихтың талай тауқыметінде мойымаған. Керісінше жігерленіп, кең пейілділікке салынған. Міне сол қасиет спектакльде байқалып тұр. Облыстық өзбек театры осы туындыны өзбек тіліне аударып, көрерменге жеткізуді мақсат тұтыпты. Жазушы Мехмонқұл Исламқұловтың аудармасы жиылған көрерменнің көзіне жас алдыртып, алдағы күнге үміт сыйлады.
Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бастаған мемлекеттік қызметкерлер бұл қойылымды жазушымен бірге көрді. Сан рет ажалдан амал қалып, тағдырдың тосын тауқыметін бастан кешкен жазушы Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» атты шығармасы осылайша алғаш рет сахналанып отыр. Енді өзбек драма театрының репертуарына ілініп, талай көрерменге рухани азық болмақ.
Бағлан Байкөбекқызы