Көптеген дінге сенушілердің проблемасы ол діншілдік пен радикализм арасындағы шекараны көрмейді. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орал қаласында өтіп жатқан «Дін және ұлттық тарих» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, мемлекет рухани дамыту міндеттерін шешуде заңды түрде жұмыс жасап жатқан діни бірлестіктерді өзінің серіктестігі ретінде көреді. Табысты ынтымақтастығымыздың басты шарты — дінді саясаттандырмау. Құдайға сену әр адамның жеке ісі.
Нұрлан Ермекбаев өзге адамдарды діни жораларды толығымен орындамағаны үшін немесе сенбегені үшін айыптап, жазғыруға болмайтынын айтты. Көптеген дінге сенушілердің проблемасы ол діншілдік пен радикализм арасындағы шекараны көрмейді.
«Бастапқыда барлығымыз экстремизм мен терроризмге қарсы екендігімізге сенімді боламыз. Бірақ, адамдар қалай радикал болғанын білмей қалып жатады. Бұл шекараны қарапайым түсінуге болады: сен сеніміңді жеке, рухани іс деп қабылдап, өзіңнің пікіріңді қызығушылық білдіргендерге ғана дұрыс түсіндірсең онда бәрі дұрыс. Егер басқаларға сеніміңді мәжбүрлеп таңып, кінәлап, мінез-құлқың «дұрыс емес» деп айыптасаң, тозаққа барасың деп қорқытып, «кәпір» сияқты сөздерді қолдансаң — бұл радикализмнің белгілері», — деді өз сөзінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік, бүгін Орал қаласында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен «Дін және ұлттық тарих» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Оның жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, танымал дінтанушылар мен тарихшылар қатысуда.