Биыл заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына – 120 жыл. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы дүниежүзі классикасынан ойып орын алған, әлем таныған Әуезовтің мерейтойы туған жерінде кең көлемде тойлануда. Бүгін сол дәстүрді сақтай отырып, «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен кемеңгер жазушының ұлы Мұрат Әуезовпен «Әуезов әлеміне саяхат» атты шығармашылық кеші өтті. Шараның мақсаты кешегіні келешекпен байланыстыра отырып, қаламгер мен оқырман арасындағы әдеби байланысты нығайту және кітап оқуды насихаттау болып табылады.
Күллі қазақтың атынан үн қатып, ғасырларға сын бермес мұралар қалдырған Мұхтар Әуезов әлі де бізбен бірге ғұмыр кешуде. Қазақ елінің маңдайына біткен кемеңгер жазушының 120 жылдығына орай ұлы Мұрат Әуезов естеліктерімен, ойтолғауларымен бөлісіп, оқырмандарымен жүздесті. Мұрат Әуезов – мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, «Тарлан», «Алтын жүрек», «Алтын асық», «Алтын адам» премияларының лауреаты. Кеш барысында белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов Мұхтар Әуезовтің қайраткерлігіне тоқталып, шығармашылығы жайлы сыр шертті. Қаламгердің айтуы бойынша, Әуезов әрқашан әлем әдебиетінің басында тұруы тиіс. Мұхтарды тек Әуезовтанушылар ғана зерттемей, бүкіл қазақ, бүкіл түркі жұрты тануы керек. Себебі, ол заманда толқынды тарих теңізінің жағалауында көркем өнердің баға жетпес меруерт-маржандарын қалдырды…
Жансая Елемесова