Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Сондықтан, туған өлкеге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарау – шынайы патриотизмнің белгісі. Осы ретте өзі туып өскен Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылына ұдайы қолдау көрсетіп, көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жүрген азаматтардың бірі ОҚО мәслихатының депутаты Өркен Есейұлы. Халық қалаулысы кіндік қаны тамған ауылына арнайы келіп, кезінде өзі білім алған мектептің ұлағатты ұстаздарымен қауышты. Сондай-ақ, қолы ашық іскер азамат бұл күні аталмыш білім мекемесінің оқушылары үшін мектептің лингафонды сыныптарына арнап өз атынан 20 жаңа компьютерді тарту етті.
Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты – отаншылдық сезімнің әрдайым жоғары тұруы керектігін баршаға жеткізу болып табылады. Себебі патриотизмнің Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатындығы белгілі. Ал Туған жер – әр адам шыр етіп дүниеге келген жері. Осы орайда өзінің кіндік қаны тамған ауылға көмек көрсетуді азаматтық парызым деп санайтын облыстық мәслихат депутаты Өркен Есейұлы Машат ауылындағы бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Осы орайда туған өлкеге кезекті мәрте табан тіреген халық қалаулысы бұл жолы кезінде өзі білім алған ауылдағы М. Әуезов атындағы ЖОМ-де болып, білім ұясының бүгінгі жай-күйімен танысты. Айта кету керек, Өркен Есейұлының марқұм анасы Қалия Қабылбекова да кезінде мұғалім болып еңбек еткен. Сондықтан мектептегі ағылшын тілі пәніне арналған бір сыныпқа талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты жанның есімі берілген. Бұл күні анасының есімімен аталатын сыныпта да болған облыстық мәслихат депутаты, мұнан соң білім ұясында ұйымдастырылған салтанатты шараға да қатысты.
М. Әуезов атындағы ЖОМ-де ұйымдастырылған шара бұл күні ұлағатты ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» Битанова Сұлушаш Ахметқызын зейнеткерлік жасқа толуына орай құрметті демалысқа шығарып салуға арналған болатын. Яғни ауыл метебінде талай жыл еселі еңбек еткен Сұлушаш Ахметқызы оқытқан шәкірттер арасында бүгінде бірқатар елге белгілі азаматтар да бар. Солардың бірі облыстық мәслихат депутаты Өркен Есейұлы. Өз кезегінде сөз алған халық қалаулысы кезінде сапалы білім мен саналы тәрбие берген оқу ордасындағы ұлағатты жандарға шексіз алғысын білдіріп өтті.
Өз сөзінде туған жерге қызмет ету азаматтық парызым әрі міндетім деп атап өткен депутат бұған дейін де Машат ауылының тұрғындары үшін талай игі істердің ұйытқысы бола білді. Айталық іскер азамат ауыл балалары үшін өз есебінен спорт кешені мен балабақша салып берсе, ол нысандар бүгінде сапалы қызмет көрсетіп келеді. Ал бұл жолы да мектеп оқушылары үшін лингафонды сыныптарға жаңа 20 компьютер тарту ететіндігін жеткізген халық қалаулысына мектеп ұстаздары мен оқушылырдың айтар алғыстары шексіз.
Туған өлкеге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарау – шынайы патриотизмнің белгісі. Ал іскер азаматтардың ел үшін жасап жатқан мұндай үлгі аларлық әректтері жастардың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны анық.
Абай Омар