Айналадағы әсемдікті көзбен емес, көңілмен ішкі түсікпен сезініп көруге болады. Мұны бүгін көз жанарынан айырылған зағип жандар дәлелдеді. Тағдырдың сындарлы сындарына еш мойнымай, бойын тіктеген өнерпаздар бүгін Облыстық филармонияда бас қосты.
Үш аталым бойынша өткен фестивальда қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, өнеріне ешқандай шектеу қойылмаған. Яғни кез-келген үміткер халық әндерін шырқап, поэзиядан да сыр шертуіне мүмкіндігі бар. Орақ тілді, от ауызды ақындардың жырларымен сусындап өскен қатысушының бірі Перизат Уйсінбаева. Екі баланың анасы, көру қабілетінен тұрмысқа шыққан сәтте айырылғанын айтады. Қайғылы оқиғаға дейін, мектепте мұғалім болып, оқушыларды сапалы білім нәрімен сусындатып келген. Тағдырдың тәлкегіне түссе де, өмірге деген құлшынысы бір мезетте де сөнбепті.
«Жаса, Қазақстаным!» әнін орындап, көпшілікке ерік-жігер сыйлаған 7 жасар өнерпаз Айбын Жұмабеков. Сайрам ауданының тумасы, туылғанынынан екі жанарынан айырылған екен. Бала көңілімен бал-бұл жанған жүзі, бақытты күлкісі кез-келген жанның жүрегін елжірететіні анық. Десе де, қам көңіл балғынның рухы биік, арманы асқақ!
Бүгінгі күні Облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада 6 мыңнан астам оқырман бар, оның тең жартысы 1-2 топтағы мүгедек жандар. Алайда аталған орталық, қамкөңіл жандардың жанын бір сәтте жабырқатпай, олардың танымдық көзқарасын кеңейту, интеллектуалдық кабілеттерін артыру жолында, көптеген игі іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Соның айқын дәлелі бүгінгі өнерпаздар додасы болмақ.
Айзада Бидан