Бүгін Облыс әкімі Жансейіт Түмебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті. Жиын барысында тараптар өзара әріптестік механизмін талқылады, екі жақты қарым-қатынасты дамыту жөнінде пікір алмасты. Аймақ басшысы Қазақстан мен Франция арасында түрлі салада тығыз байланыс орнап, дамығанын тілге тиек етті. Франция соңғы жылдары Қазақстанның сауда әріптестері арасында 5-орында келеді. Жиын барысында аймақ басшысы қазіргі таңда өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалынып отырғандығын еске салды. Жансейіт Түймебаев, мұнымен қоса Оңтүстік Қазақстан облысы түрлі салада қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.
Франция – әлемдегі ең ірі химиялық және мұнай өнімдері, қара және түсті металл шығарушы мемлекеттің бірі саналады. Францияның Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бастап 2016 жылдың жартысына дейін құйған қаржысы 12,7 млрд. долларды құрайды. Біздің елімізде француз капиталы бар 135 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың арасында «Тоталь», «Арева», «Данон» «Викат», «Пежо», «Альстром» және басқа да компаниялар бар. Өз кезегінде француз елшісі ОҚО мен Франция аймақтары арасында өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамытудың әлеуеті зор екендігін айтты.