Бүгін ОКҚ-де ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Наиб мүфтиі Наурызбай Өтпенов және «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбайдың қатысуымен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының құрылуына байланысты брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.
2017 жылғы 1 шілдеде «Уақып» қоры Әділет органдарында тіркеуден өткен болатын. Қор коммерциялық емес ұйым. Оның құрылтайшылары: «Дін және мәдениет Халықаралық орталығы», «Дін мәселері жөніндегі сараптамалық және ғылыми-зерттеу орталығы», сондай-ақ Қазақстанның дінтанушылары Конгресі» және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Закят» қоры.
«Уақып» қорының қызметіне нақтырақ тоқтала кетсем, оның қызметі — дәстүрлі рухани-моральдық құндылықтарды дамытуға, мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайтуға және дінді деструктивтік мақсатта қолдануға жол бермеуге, сонымен қатар, діни мазмұндағы ғимараттар және әлеуметтік нысандар құрылысын бірлесіп салуға және діни ұйымдардың қызметкерлеріне қолдау көрсетуге, олардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Сондай-ақ, аталған қор мүмкіндігі шектеулі жандарға, жұмыссыздар мен аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсететін болады» — деді министр Нұрлан Ермекбаев.
Оның айтуынша, еліміздегі көптеген ауқатты, сондай-ақ жағдайы орташа ауқатты бизнесмендер «игілікті істер» немесе «сауапты істер» жасауға ниет білдіреді. Олар осы жолда ешкімнің рұқсатынсыз қайырымдылық жасау үшін мүмкіндіктер іздейді. Мәселен, олардың кейбіреулері тек мешіттер салуды ғана «сауапты іс» деп санайды да, барлық қаражатты мешіт салуға жұмсайды.
«Діни жолдағы «сауапты істер» жасау үшін тек мешіттер салу міндетті емес, ол үшін қоғамға пайдалы кез келген іс сауапқа жатады. Мысалға алатын болсақ, мектептер, ауруханалар, жол, көпір салу және тағы да басқа халық үшін пайдалы істерді айтуға болады» — дейді министр.
Міне, осыдан Қор құру идеясы туындаған, бұл — қалыптасқан халықаралық практикада бар үрдіс.
«Біздің «Уақып» қорының тағы бір өзгешелігі сол, қайырымдылық қаражаттарын басқарумен қатар табыс табумен айналыса алады. Сол себепті қаржы түріндегі активтерімен қатар, материалдық, жылжитын және жылжымайтын мүліктерді басқаруға рұқсат бар. Аталған табыстардың салықтарын төлегеннен кейін ақшаны қайырымдылыққа жұмсауға болады. Ал капитал (эндаумент) қомақты болса, онда ол кәсіби басқарушы инвестициялық компания басқаруына беріледі. Мысалы, көптеген мемлекеттерде вакфтар (уақыптар) институты осындай жағдайда жұмыс істейді» — деп түйіндеді сөзін министр.
Қор жұмысының басты бағыттарының бірі – барша қоғам үшін пайдалы әлеуметтік-маңызды жобаларға қолдау көрсету.
«Мысалы, көп балалы отбасыларға көмектесу, балаларға арналған спорт секцияларын ұйымдастыру, балабақшалар, ауруханалар салу және басқа да әлеуметтік жобалар бар. Қор оқу-әдістемелік нұсқаулықтар шығаруға, діни мамандарды мемлекеттік саясат негіздеріне, экономика, философия, әлеуметтік ғылымдарды оқытуға, түрлі семинарлар, конференциялар өткізуге, діни экстремизмнің және радикализмнің алдын алуға бағытталған деректі, көркем фильмдер түсіруге де ат салысады» — деп толықтырды Нұрлан Ермекбаев.
Сондай-ақ «Уақып» қоры өз қызметінде діни бірлестіктерге имамдарға стипендиялық көмек көрсету, білім деңгейін көтеру, және ғибадат үйлерін ұстау арқылы көмек көрсететін болады.