Азаматтың рұқсаты расталған жағдайда мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға «Электронды үкімет» арқылы анықтама беру қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірігіп жасалған сервис арқылы жүзеге асырылады. Бұған Халыққа қызмет көрсету орталықтары араласпайды. Әрбір азамат өзіне қатысты жеке мәліметті беру-бермеу жөнінде SMS арқылы жауап жолдауы тиіс. Осы жайында Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын жетілдіруге арналған кеңесте айтылды.
Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл саладағы оңтайландыру, жаңғырту жұмыстары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында орындалып жатыр. Интеграциялау шаралары жалғасады. Алдағы уақытта ақпараттық жүйелердегі мәліметтер автоматты түрде өзгеретін болады.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі:
– Бұл жерде жүйелі жұмыс жүргізу керек. Жалақы мәселесін көтеруіміз керек. Сосын материалдық жабдықты жақсартуымыз керек. Соның арқасында адамдардың деңгейі өседі. Одан кейін тексеру шарттарын қоя аламыз. Қазір де тексеріп жатырмыз. Ситуациялық орталықта отырған мамандарды біз күнде сағат сайын, минут сайын тексеріп отырмыз.
Ерлан Шөренов, ХҚКО жұмысын үйлестіру департаментінің директоры:
– Қазіргі таңда 20-дан астам анықтама түрлері электронды қызмет түрлері ЕЦХ кілтін қолданбай-ақ, пароль арқылы алуға болады қазір. Біздің «1414» деген Сall-центр бар. Сол мекемеге телефон соғып, анықтамаларды электрондық поштадан алуға болады.
Азаматтарға арналған үкіметтің ахуал орталығы халыққа қызмет көрсету орталықтарын үнемі бейнебақылау арқылы қадағалайды. Айта кетейік, Алматыда басы дауға қалған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жұмыстан босатылды. Себебі ол консалтингтік компания өкіліне өзге біреудің мекенжайы туралы анықтаманы сенімхатсыз беріп жіберген. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры мен Алмалы аудандық орталығының басшысы қызметтен кетті.
Дереккөз: 24.kz