Биыл елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 140 млрд теңгенің 116 келісімшарты жасалды.
Нәтижесінде 53 нысан пайдалануға беріліп, 63-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жауапты сала басшыларының айтуынша, қос тарапқа тиімді жүйе арқылы көбіне білім беру және денсаулық сақтау нысандары бой көтереді. Мәселен, осы бағытта биыл Өскемен, Семей, Шымкент қалалары мен Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облысында 45 жоба ұсынылды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында республикалық маңыздағы жұмыстар да жүзеге асырылу үстінде. Бір ғана мысал, келер жылы құрылысы басталатын Үлкен Алматы айналма көлік жолына инвестор тарапынан қыруар қаржы тартылады.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
– Қазіргі уақытта ИДМ жетекшілік ететін салалар бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша 6 жобаны іске асыруда. Бірінші жоба – Үлкен Алматы айналма жолын салу және пайдалану жобасы. Бүгінгі таңда тараптар барлық шарттары бойынша өзара келісімге қол жеткізді. Келіссөздер аяқталу кезеңінде.
Дереккөз: 24.kz