«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітап қытай тілінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бейжіңде осы туындының тұсаукесері өтті. Салтанатты шараға осы елде жұмыс сапарымен жүрген Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен шығарма авторы, белгілі ағылшын жазушысы Джонатан Айткен қатысты. Шығармада Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын қарапайым болат балқытушыдан бастап Қазақстан Президентіне дейінгі өнегелі өмірі жайлы жазылған.
Түпнұсқасы ағылшынша жарық көрген кітаптың енді міне қытайшасы да қалың оқырманға жол тартты. Бұған дейін «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» қазақ, орыс, араб, түрік, корей және хорват тілдеріне аударылған. Бейжіңдегі салтанатты шараға Лондоннан арнайы келген кітап авторы Джонатан Айткен қызықты мәліметтермен бөлісті. Оқырман сұрағына жауап берді.
Джонатан Айткен, кітап авторы:
– Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 60 жыл бұрынғы мектеп оқушысы кезіндегі әдемі естелігін айтып беріп еді. 1957 жылы Қаскелеңдегі мектепке Қытайдан бір оқушы хат жазады. Менімен кім хат алмасып танысқысы келеді деген. Бірақ көпшілігі оған күмәнмен қарайды. Қазақстанның бұл мемлекетпен қарым-қатынасы жоқ. Сол кезде бүкіл мектептегі 250 баланың ішінен 17 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев суырылып шығып, жауап жазамын дейді. «Неге» деген сұраққа. «Мен Қытайды жақынырақ білгім келеді» дейді.
Автор бала Назарбаевтың арманы орындалып, Президент болғанда да Қытай мемлекетін жақыннан танығанын айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары екі ел арасындағы қаншама қиын мәселелерді реттеді. Сол кезеңдегі Қытай Ттөрағаларымен тең сөйлесіп, шебер дипломатия нәтижесінде шекара мәселесін бейбіт шешті дейді.
Цзян Чэнцзун, Қытайдың Барбуда және Антигуадағы бұрынғы елшісі:
– Кітапты қытай тіліне аудару барысында мен өзіме үлкен сабақ алдым. Маған іргедегі мемлекет пен оның Президенті үлкен әсер қалдырды. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында биік белестерді бағындырды. Сондықтан мен бұл кітапты барлық адамның оқып, Президенттің өмірінен ғибрат алса екен деймін. Бұл кітап оқырманның қабылдауына өте ыңғайлы жазылған, дәстүрлі жазу стильде емес, қызықты тұстары өте көп.
Кітап тарихи оқиғаларға, батыс саясаткерлерінің сұхбатына және Президенттің жеке естеліктері бойынша жазылған. Құнды туынды 2009 жылы Батыста басып шығарылды. Ағылшын тілді оқырмандар арасында бірден танымал болды. Өйткені кітап талғамы биік батыс оқырманының талабына сай жазылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының еңбек жолы арқылы қазақ халқының жаңа тарихын, қиын кезеңдері мен жеңістері топтастырылған.
Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары –Ауыл шаруашылығы министрі:
– Қытайлық оқырмандар бұл кітаппен таныса отырып, Қазақстанның бүгінгі таңда қандай дәрежеге жеткеніне, қандай мемлекетке айналғанына көз жеткізері хақ. Қазақстанмен жақын танысуға мүмкіншілік алады. Ал мұның бәрі сайып келгенде екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне өзінің үлесін қосады деп есептейміз.
Бейжіңдегі Дяютай мемлекеттік резиденциясына өткен кітаптың тұсаукесеріне Қытай Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ли Хуэйлай қатысты. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел ынтымақтастығын дамытудағы еңбегін ерекше атады.