Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібінде бір мәселе қала әкімі кандидатурасын мақұлдау ұсынылды. Осылайша, ҚР Президенті әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімі бойынша ОҚО әкімінің Өкімімен Шымкент қаласының әкімі болып Нұрлан Сауранбаев тағайындалды. Облыс әкімі Ж.Түймебаев қаланың жаңа әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлан Ермекұлын қала активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда Жамбыл қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін, 2001 жылы — ЭНИ-Аджип мұнай өнеркәсібінің оқу орталығын бітірген. Мұнайды басқару магистрі.
Еңбек жолын 1991 жылы Алматы қаласында «Еңбек» ЖШС-ның директоры лауазымынан бастады, 1997 жылға дейін директор лауазымын атқарды. 1997 — 1998 жылдары – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры. 1998 — 2000 жылдары – «Қазақстан Темір Жолы» РМК «Жолаушылар тасымалы» ЕМК директоры. 2000 — 2001 жылдары — «АМӨЗ» ААҚ бірінші вице-президенті. 2001 — 2002 жылдары — «Қазақойл» ННК ЖАҚ «АМӨЗ» ААҚ қайта құру жобасын басқару жөніндегі топтың басшысы, бас менеджер. 2002 — 2004 жылдары — «ҚазМұнайгаз» ҰК ЖАҚ инжинирингілік және сервистік жобалар департаментінің директоры. 2004 — 2007 жылдары — «ТеңізСервис» ЖШС-ның вице бас директоры. 2007 — 2010 жылдары — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарушы директоры. 2010 — 2011 жылдары — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның Басқарма бастығы орынбасарының көмекшісі. 2011 жылғы қаңтар-мамыр айларында — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның басқарушы директоры. 2011-2014 жылдары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. 2014 жылдың тамыз айынан ҚР қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2015 жылдың қаңтар айында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған. 2017 жылдың ақпан айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы лауазымын атқарып келген.