«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан — 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты бағдарламасында көрсетілген жаңа әлеуметтік саясатты іске асыруға жоспарланған. Бағдарламада «Білім беру жүйесінде біз өмір бойы оқытуды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. ол бес сатыдан тұрады: балаларды ерте бастан дамыту, бастауыш және орта білім, кәсіптік даярлық, кәсіпкерлік және жаңашылдық, сондай-ақ, дамуға септесетін сапалы жұмыс орындарын құру. Мұндай көзқарас инновациялық өсім, жұмыс күшінің мобильдігі және өнімді еңбек ету үшін орта қалыптастырады. Білім беру жүйесі толықтай еңбек нарығының мұқтаждықтарына, бәсекеге қабілетті білікті кадрларды даярлауға бағдар ұстанады» делінген.
Осы тұста, Сарыағаштың Жылға ауылдық округінде жаңа білім ұясы бой көтеретін болды. Ауыл азаматтарының қуанышына ортақтасқан аудан басшысы Қайрат Әбдуәлиев ақсақалдармен бірлікте ғимараттың алғашқы қазығын қақты. Ғ.Мұстафин атындағы орта мектепте 400-ге жуық оқушысы екі ауысымда білім алып келген болатын. Өткен ғасырдың 80 жылдары шопандарға жатақхана ретінде салынған ғимарат 1986 жылы мектеп балансына беріледі. 300 орынға арналып салынатын білім ұясының құрылысын қаржыландыру жұмыстарына бюджеттен 851 961 мың теңге бөлініп отыр. Биылғы жылы өтпелі кезеңмен жоспарланған аудан бойынша 16 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілмек.
Атап айтқанда, Құркелес ауылдық округінің Береке ауылында 300, Алғабас ауылында 300, Жаңаталап ауылында 600 орындық мектеп құрылыстары, Жартытөбе ауылдық округінің Достық ауылында 300 орындық мектеп, Бірлесу ауылдық округінің 28-гвардия ауылында 300 орындық мектеп, Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ ауылында 300 орындық мектеп, Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылында 600, Саңырау елді мекенінде 150, Қаратал елді мекенінде 200 орындық мектеп құрылысы, Ақжар ауылдық округінің Ақжар елді мекенінде 600 орындық мектеп құрылысы, Қапланбек ауылдық округінің Қапланбек ауылында мектеп ғимаратының қосымша құрылысы, Тасқұлақ ауылында 240 орындық мектеп құрылысы, Сарыағаш қаласында 300 орындық және 900 орындық мектеп құрылыстары жоспарланған.