Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай түрік фильмдерінің апталығы басталды. Бауырлас Түркия елімен арадағы мәдени, рухани байланыс нығайып, күннен күнге күшейіп келеді. Шаһарымызда Түркия Мәдениет Министрлігі мен ОҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен 1-5 қараша аралығында Шымкент қаласындағы «Shymkent plaza» ойын-сауық орталығының кино залында тарихи, драма бағытындағы фильмдер көрермендер назарына ұсынылады. Түрік кинофильмдері апталығының салтанатты ашылу рәсіміне ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, Түркиядан келген қонақтар Еуразия Азаматтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исмаил Сафи, Түркия Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері мен режиссерлары Ерхан Байтемур, Кюршат Кызбаз, киноактерлар Тургай Аталай, Ачелья Элмас, Фуркан Палалы қатысты.
Жалпы бұл шараның мақсаты, түркі елдеріне ортақ, мәдениеті мен әдебиетін арқау еткен тарихи фильмдерді насихаттау, екі ел арасындағы достастықты нығайта отырып тәжірбие алмасуға жол ашу.
Еске салайық, түрік фильмдері апталығында өтетін кинолардың барлығы ақысыз, 1-5 аралығында өтетін түрік киноларының кестесі:
1 қараша күні сағат 20.30-да «Спецназ Сирии» фильмінің көрсетілімі 5 залда;
2 қараша күні сағат 18.00-де «120», сағат 20.10-те «Длинная история» фильмдерінің көрсетілімі 3-ші залда;
3 қараша күні сағат 18.00-де «Моя любовь», сағат 19.45-те «Джан» фильмдерінің көрсетілімі 3-ші залда;
4 қараша күні сағат 18.00-де «Свет моих очей», сағат 19.35-те «Последнее письмо» фильмдерінің көрсетілімі 3-ші залда;
5 қараша күні сағат 19.35-те «Старик пекарь: Секрет любви» фильмінің көрсетілімі және «Түрік фильмдері апталығының» жабылу салтанаты болады.
Жансая Елемесова