Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәселелері» туралы 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 және «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысы қабылданды. Ол қаулымен төмендагі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген:
Жаңа қағидада айтылғандай көлік құралын тоқтатқан жағдайда көлік құралы жүргізушісінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамдар көлік құралына кідірмей жақын келеді, көлік құралын тоқтату себептерін түсіндіреді және жүргізушінің талап етуі бойынша танысу және тегі мен лауазымын анықтау үшін қызметтік куәлігін жүргізушіге берместен, егер көлік құралы жүргізушісінің «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және (немесе) осы Қағидаларды бұзуы сертификатталған арнайы техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелсе, жүргізушіге тиісті материалдарды танысу үшін оны көрсетеді.
Аталған қаулының 4-тармағының 7) тармақшасыда » масаң күйдегі, реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсеріндегі, сырқат немесе шаршаңқы күйдегі адамдарға, сондай-ақ жүргізуге оқып-үйренушілерден басқа, өзімен бірге осы санаттағы көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты) жоқ немесе жол (маршрут) парағында көрсетілмеген адамдарға не көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе басқару құқығынан айырылған адамдарға көлік құралын басқаруға беруге тыйым салынады» деп айтылған.
Сонымен қатар жаңа ережеде құрылыс, жөндеу немесе жинау жұмыстарын орындау кезінде іске қосылған қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маягі бар жеке меншік күзет ұйымдары жедел ден қою ұтқыр топтарының, жолдағы көліктік бақылау органдары жылжымалы бақылау-өткізу пункттерінің, инкассация қызметтері мамандандырылған көлік құралдарының, ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдарының жүргізушілері жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда жол белгілері (2.2, 2.4-2.6, 3.11-3.14, 3.17.2, 3.20 белгілерінен басқа) мен таңбаларының, сондай-ақ Қағидалардың 9-бөлімі 4 — 8-тармақтарының және 16-бөлімі 1-тармағының талаптарын орындамауы мүмкін. Басқа көлік құралдарының жүргізушілері олардың жұмысына кедергі жасамауға тиіс деп көрсетілген.
Қөлік құралының артқы жүріспен қозғалуына маневр қауіпсіз болған және қозғалысқа басқа да қатысушыларға кедергі жасамаған жағдайда рұқсат етіледі. Көше қиылыстарында және осы бөлімнің 12-тармағына сәйкес кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.
Төрт немесе одан да көп жолағы бар екіжақты жүру жолдарында жолдың қарсы жүруге арналған жағына шығуға тыйым салынады. Мұндай жолдарда солға бұрылуды немесе кері бұрылуды көше қиылыстарында және бұған Қағидалармен, белгілермен және (немесе) таңбамен тыйым салынбаған жерлерде орындауға болады.
Сондай-ақ 5.9, 5.10.1 – 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршруттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда осы жолақпен қоғамдық көліктерден басқа көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды (Қағидалардың 24-бөлімінің 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда).
Қаулының 10 тармағында жүру қосымша секциясы бар бағдаршаммен реттелетін жол қиылысында бұрылыс жасайтын жолақта тұрған жүргізуші, егер оның тоқтауы осы жолақ бойымен оның артынан келе жатқан көлік құралына (көлік құралдарына) кедергі тудыратын болса, іске қосылған бағыттаушы көрсеткен бағытта жүрісін жалғастырады деп айтылған.
Велосипедтердің, мопедтердің, ат-арба көліктерінің жүруіне, сондай-ақ мал айдауға қосымша талаптар қойылған. Атап айтқанда:
— Мопедті басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі.
-Велосипедшілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен не жолдың жиектерімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге жүру үшін қауіп төндірмей жаяу жүргінші жолымен жүреді.
Он төрт жасқа толмаған велосипедшілерге жүру бөлігінің оң жақ шетімен, маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен, жолдың жиектерімен жүруге жол берілмейді.
7.14 тақтасы бар 4.5 белгісімен белгіленген велосипед жүретін жолағы бар жолдарда осы жолақпен мопедтен басқа, басқа көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды.
Егер 7.14 тақтасы бар 4.5 белгісімен белгіленген жолақ қалған жолдың жүру бөліктерінен үзік-үзік таңбалау сызықтарымен бөлінген болса, онда бұрылу кезінде көлік құралдары соған орын ауыстырады. Мұндай жерлерде сонымен қатар жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетінен жолға кірер кезде және жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін кіруге де рұқсат етіледі.
-Велосипедшілер жолда бір қатармен жүреді.
— Мопедтер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатармен жүреді.
-Ат-арба көліктері (шаналар), жүк артылған, жегілген немесе мініс малдары шеткі оң жолақпен бір қатармен немесе егер бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, жолдың жиегімен жүреді.
— Велосипедшілер, ат-арба көліктері (шаналар), жүк артылған, жегілген немесе мініс малдар колонналары жолдың жүру бөлігімен жүрген кезде велосипедшілер, мініс және жүк артылған малдар он-оннан және арбалар (шаналар) бес-бестен топтарға бөлінуге тиіс. Басып озуды жеңілдету үшін топтардың арақашықтығы сексен – жүз метр болуға тиіс.
— Велосипед және мопед жүргізушілеріне:
1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;
2) жолаушылар тасымалдауға;
3) ұзындығы немесе ені бойынша габаритінен елу сантиметрден астам шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға;
4) жанында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге;
5) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға;
6) велосипедпен немесе мопедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге;
7) жаяу жүргінші өтпесімен жүруге тыйым салынады.
— Велосипед жолының көше қиылысынан тыс орналасқан жолмен реттелмейтін қиылысында велосипедтердің және мопедтердің жүргізушілері осы жолмен жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол беруге тиіс.
Ат-арба көлігі (шана) жүргізушісі көрінуі шектеулі жерлерде қосымша жолдан жолға шығу кезінде малды жүгенінен ұстап жетектеп жүреді.
— Малдарды, әдетте, тәуліктің жарық уақытында айдап өту керек. Мал айдаушылар малдарды мүмкіндігінше жолдың оң жақ шетіне жақын бағыттауға тиіс.
— Тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында бір топ малды жол бойымен немесе ол арқылы айдаған кезде мал айдаушылар жолда малдың бар екенін ескерту үшін жүргізушілерге сигнал береді.
Ескертпе. Шырақпен немесе фонарьмен қолды шеңбер жасап қозғау сигнал болып табылады, бұл ретте сигнал беруші бір топ мал жақындап келе жатқан көлік құралдары жағынан он-он бес метр арақашықтықта болады.
-Малдарды теміржолдар арқылы айдаған кезде мал табыны мал айдаушылардың санын ескере отырып, әрбір топты қауіпсіз айдап өтуді қамтамасыз ететіндей топтарға бөлінуге тиіс.
— Ат-арба көліктерінің (шаналардың) жүргізушілеріне, мал айдаушылар мен жүк артылған, жегілген және мініс малдарының және малдардың иелеріне:
1) малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;
2) малдарды теміржолдар арқылы және арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында (әртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;
3) өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт және цемент-бетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді.
Осы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енізілетіндігін және ресми жарияланбағандығын хабарлаймыз.
Дереккөз: «Айғақ» газеті