Қаратаудың күнгей бетінде, Бәйдібек ауданының жерінде – Домалақ анаға арналған кесене бар. Қазақ халқы үшін абыз анаға баланған Нүрила Әли Сланқызының зиратына тұрғызылған сол кесенені іздеп баратындар көбейген. Тек түнеп шығуды ниет еткендерге ешбір жағдай қарастырылмаған болатын. Бүгіннен бастап зиярат етушілерге мүмкіндік мол. Яғни «Домалақ ана» кесенесі жанынан қонақ үй кешені ашылып, аптаның сенбісінде салтанатты түрде лентасы қиылды.
Қазақта «алып — анадан туады» деген жақсы мақал бар. Мұның астарында ана деген абзал жанның қандай құдыретті екенін аңғаруға болар. Халықтың анасы атанған – Домалақ ананың шын есімі Нүрила. Бәйдібек бабаның үшінші жұбайы. Ел арасында ақылдылығы, мәдениеті мен шыншылдығы арқылы танылып, Домалақ анаға баланған. Абзал жанға 1456 жылдары кесене тұрғызылған болатын. Содан бері зиярат етіп, құрмет көрсететіндер жетерлік. Тек түнеп шығуды ниет еткендерге талай ғасырдан бері жағдай жасалмаған еді. Міне, енді осы мәселе қолға алынып, Оңтүстіктен жанашыр ел азаматтары табылды.
«Жәннат –ананың аяғының астында» — деген хадис текке айтылмаған. Себебі ана ырыстың қайнары, береке мен ынтамақтың көзі. Отбасының ұйытқысы. Міне, тізе берсең теңеуі көп. Жаратқаннан кейінгі мейірімді жанға құрмет көрсету баршамызға ортақ. Осыны ұғынғандар Бәйдібек ауданында ораналасқан «Домалақ ана» кесенесіне жиылып, әуелі әруағына арнап құран бағыштады. Олардың қатарында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы бастаған қоғамның зиялы азаматтары мен ел ағалары бар. Ана рухын құрметтейтін жанашыр азаматтар бас қосқан бұл жиында рухани жаңғыру аясында әңгімелер айтылып, бірлікке шақырған ой ақтарылды.
«Домалақ ана» туралы жазылып, зерттелген мақалалар аз емес. Насихатты жасап, ұрпаққа ананың қасиетін айтып жүрген ел ағалары дәл осы басқосу кезінде алғыс алды. Яғни өңір әкімі қазақтың дәстүрін қайта бір үлгі етіп, ақсақалдардың иығына шапан жапты.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу тапсырылған болатын. Аталған жобаға «Домалақ ана» кесенесі кіріп, қайта жаңарудың үстінде. Мәселен, 80 орынға шақталған қонақ үйдің ашылу салтанаты соның куәсі. Елдің елеулі азаматтары қатысқан шарада лента қиылып, жаңа қонақ үй кешені таныстырылды. Шағын және ыңғайлы етіп салынған ғимаратта қонақтарға арналған жатын бөлмелер, асхана мен өзгеде тұрмыстық заттар бар. Туристердің артуына серпін беретін бұл нысан бизнесті көздемеген, тек зиярат етушілерге шын жүректен жасалған жағдай. Кесене басына жиылған жамағат осылай деп пікір білдіріп жатты.
Анаға құрмет — баршаға міндет. Тіпті анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың деген даналық сөз бар. Халық үшін абызға баланып, ортақ анамыз деп санайтын Нүрила Әли Сланқызына міне жиылған жұрт осылай құрмет көрсетіп, рухына арнап Құран бағыштады. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген сөз — өткеніңе құрметпен қарасаң, өркенің өседі деген мағынан меңзеп тұр. Ендеше, Алла ниетті қабыл етіп, мұратты асыл етсін.
Бағлан Байкөбекқызы