21-23 қазан күндері Отырар аудандарында тұңғыш рет ұлттық ойындарымыздың мәртебесін көтеріп, деңгейін биіктете түсу мақсатында командалық көкпардан Отырар ауданы әкімінің жүлдесіне арналған облыстық турнир өтті. 22 жасқа дейінгі жас шабандоздар бақ сынаған сайысқа аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Тәуелсіздікке қол жеткізелі қазақтың ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртып, төл мәдениетімізді ұлықтап келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да ұлттық спортымыздың ілгері дамуына өз септігін тигізгені сөзсіз. Сан ғасырлар бойы ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен дәстүрлі әндеріміз, әдебиетіміз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы Елбасымыздың басты назарында келеді.
Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін ауданымызда біршама жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ат спорты мен тоғызқұмалақ, қазақ күресі тұрғындар арасында кең көлемде насихатталуда»,-деп, сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан басшысы ауданымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуына өзіндік үлес қосқан, Отырар ауданының ұлттық ат спорты федерациясының президенті Төре Ақжігітұлына облыс әкімдігінің алғыс хатын табыстады.
Одан әрі көрермендердің делебесін қоздырған ұлттық спортымыз көкпар ойыны басталып кетті. Көкпар алаңының шашын көкке көтерген жүректі жастар аянып қалмады. Тартысқа толы ойын қорытындысы бойынша қазығұрттықтар жеңімпаз атанып, аудан әкімінің кубогына ие болды. Ал, ауданымыздың атынан сынға түскен «Отырар», «Шәуілдір» командалары жүлделі екінші және үшінші орындардан көрінді.