«Хабар» Агенттігіне 22 жыл толды. Осы жылдар бойы ақпараттық кеңістікте беделі мығым телеарна мемлекеттің саясатын саралап, ұлттық идеяны алға тартып келеді. Бірнеше арнаны бір шаңырақ астына біріктірген телеотбасы отандық телевизияның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып отыр.
Осыдан тура 22 жыл бұрын ақпарат кеңістігінде «Хабар» арнасы жұмысын бастады. Алғашқыда тек жаңалықтар жеткізуді мұрат санаған ақпарат құралы кемелдене келе еліміздің телевизия саласындағы ең үздік телеарнаның біріне айналды.
Төрткүл дүниеге есігін айқара ашқалы бері керегесі кеңіп, шығармашылығы шыңдалды. Техникалық мүмкіндіктері жағынан да әлемдік тәжірибеге сай бола түсті. «Хабардың» алғашқы студиясын қазір тек мұрағаттан ғана көруге болады. Мәтінді қолмен жазатын кездер қазір ертегі сияқты. Арнаның ардагерлері осылай дейді.
Ләззат Айтханқызы, жаңалықтар бөлімінің атқарушы продюсері:
— Қазір бірнеше шетелдік өзіміздің отандық ресми емес агенттіктермен байланыс орнатып, жаңалықтар көп келіп түсіп жатады. Ал ол кезде ресми ақпарат тек ҚазТАГ-тан келетін. Ол телетайп ленталармен келіп түседі. Кейде оны машинкаға басып үлгіреміз, болмаса сол қалпында тікелей эфирге алып келіп, «Хабардың» алғашқы кезеңдеріндегі баспалдақтар осындай болды.
Телеарна бүгінде еліміздің медиакеңістігіндегі алдыңғы қатарлы жетекші ақпарат айдынына айналды. Агенттіктен еншісін алып, отау тігіп, тәуілік бойы хабар тарататын «Хабар 24», әлемнің әр түкпіріне белгілі Kazakh TV және төл туындыларды ғана жарыққа шығаратын «Еларна» телеарналары медиакеңістіктен өз орнын тапты. Елімізбен қатар алыс-жақын шет елде 17 тілші қосыны бар.
Алмагүл Ахметжанова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымы:
— Аз ғана уақыт ішінде біздің арна республиканың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орнын иеленді. Бүгінгі күні біздің төрт арна мазмұны жағынан бір-біріне ұқсамайтын, тақырыптық тұрғыдан қызықты әрі бірегей саналады.
Отандық журналистикаға өз ұстанымымен, өз таным-мақсатымен келген «Хабар» қазір әлемге әйгілі телеөндіріс орнына айналды. Дүние жүзіндегі айтулы форумдар мен ауқымды шаралардан жүздеген репортаж таратып келеді. 22 жыл бойы өз көрерменіне үздіксіз қызмет етті. Алда әлі таңдай қақтырар талай туынды мен сапалы дүние халықтың назарына ұсыныла бермек.
Дереккөз: 24.kz