«Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы көрермендеріне тағы бір бағдарламаны жуық арада назарға ұсынбақ. Ол — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласына негізделген «100 есімді» насихаттау бойынша қолға алынып отыр. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов атында Ақтау қаласында жалпы орта мектеп бар. Тарихтың қатпарлы тұстарынан танымал тұлғалардың есімін ұлықтауды мақсат тұтқан түсірілім — рухани жаңғыруда үлесі мол. Еліміздің батыс облыстарына телеэкспедициямен барған «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы дәл осы Ақтау қаласындағы Нұртас Оңдасынов атындағы мектепте болып, ұжыммен кездесті. Алдағы уақытта, қысқаметражды фильм дайындауды мақсат тұтып отыр.
Нұртас Оңдасынов (1904—1989 жж.) — қоғам қайраткері, тілші-ғалым. Ол кісі заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алып, оны сәтті аяқтайды. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында Мұғалімдер институтын ашып, Орталық Комитеттің саясатының жүзеге асуына күш салады. Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ол мәдениет мәселелеріне жауапты болды. Н.Оңдасынов соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамай Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын аса биік дәрежеде атап өту жөнінде Үкімет қаулысын шығарып, комиссияның төрағасы өзі болып өткізген. Қыздар педагогикалық институты, Ұлттық консерватория, Дене шынықтыру институты, Политехникалық, технологиялық институттар ашу және медицина, шет тілдер институттарына көптеген жаңа факультеттер қосу сол кісінің тұсында істелінген істер.
Опера және балет театры құрылысының жедел аяқталуын тікелей бақылап, облыстарда театрлардың ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдасуына да ұйытқы болған. КСРО Ғылым академиясының дербес құрылуына бірден-бір атсалысқан адам. Соғыстың жүріп жатқанына қарамай жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс ақша шашқаны мәлім. Осы Ғылым академиясының басына Қаныш Сәтбаевтың келуіне де себепші осы кісі. Қ.Сәтбаевтың газетке шыққан мақаласындағы болашақ ғалымның сөз саптасы ұнап, жаңа ойларын білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, сөйлескеннен кейін КСРО Ғылым Академиясының президенті В.Л. Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым Академиясының болашақ президенті…» — деп, бірден таныстырады.
1942 жылдың басында Кенді Алтай, Лениногорға іссапарға келген Оңдасынов білімді, байсалды Дінмүхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырттырады. Д.А.Қонаев он жыл бойы Оңдасыновтың орынбасары болады. Нұртас Дәндібайүлы 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, сосын Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы және осы облыстың партия ұйымын басқарды. «Жауапты қызметте жүріп, шығармашылықтан қол үзбейтін. Араб, парсы тілдеріне жүйрік еді.
1962 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылықпен шындап айналысқан. 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді» — дейді Д.А.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» кітабында